Легионерлерден құралған қазақстандық дзюдо клубы әлемдік сында жүлде алды

Редактор
22.12.2023, 09:37

Жарыс Алматыда өтті

Фото ашық дереккөзден

Дзюдодан клубтар арасында Алматыда өткен әлемдік турнирде Қазақстан атынан қатысқан «Jenys» клубы үшінші орынға ие болды. JenysCup атауымен өткен сынға әлемнің бірнеше мемлекетінен 17 клуб қатысқан. Бұл додада Қазақстан атынан 4 командалық клуб сынға түсіп, тек біреуі ғана жүлдеге қол жеткізе алды.

Қола жүлдегер «Jenys» клубында бес дзюдошы белдесті. Оның біреуі қазақстандық дзюдошы Асқар Нарқұлов болса, қалған төртеуі легионерлер: қырғызстандық Кубанычбек Айбекуулы (-66 кг) мен Ерлан Шеров (-90 кг), грузиялық Тато Григалашвили (-81 кг) және Саба Инанешвили (+90 кг).

Турнирде « Shevardeni» (Грузия) клубы топ жарса, «Hoji Sharif» (Тәжікстан) күміс жүлдеге ие болды. Ал үшінші орынға қазақстандық клубпен бірге Ресейдің «Edelweiss» командасы қол жеткізді.

Сондай-ақ, жүлде қоры 100 мың долларды құрайтын әлемдік жарысқа «Жеңіс», «Қайсар», «Жеңіс-2», «Жеңіс жастар құрамасы» (төртеуі де Қазақстаннан), «Локомотив», «Родина» (екеуі де Ресейден), France team (Франция), Seven klub (Өзбекстан),  Bars (Қырғызстан), Spanish team (Испания), Stayki (Белорусь), Turan (Әзірбайжан), Моңғолия дзюдо федерациясының клубтары қатысты.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сында әлемдік дзюдо жұлдыздарының ішінде Лука Майсурадзе, Гурам Тушушвили, Ерлан Шеров, Сомон Махмадбеков, Жансай Смағұлов, Тато Григашлашвили сынды белгілі дзюдошылар татамиге шығып, көрермендер үшін есте қаларлық күрес өткізе алды.

Айта кететін бір жайт, бұл сында жеңімпаз атанған клубқа 30 мың, екінші орын игері 20 мың, үшінші орынға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.

Материалда: