«Әлемдік жарысқа ескі тумен шығамын»: қырғыздың даңқты балуаны биліктің сынына ұшырады

Редактор
22.12.2023, 11:10

Ел билігі жаңа үлгідегі туды бекітті

Фото ашық дереккөзден

Грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы, қырғызстандық Жоламан Шәршенбеков елдің туының өзгеруіне байланысты билікке жақпайтын оғаш пікір білдірді. Ол алдағы уақытта халықаралық сында жеңіске жеткен жағдайда қырғыздың бұрынғы туын алып шығатынын мәлімдеді.

Kaktus.kg порталының жазуынша, спортшы тудың үлгісіне өзгеріс енуіне әуелден қарсы екенін білдірген. 

«Мен тудың өзгеруіне қарсымын. Олар (билік) бұрын туды өзгерту үшін ақша шығын болмайды деп айтты емес пе? Менде тудың ескі нұсқасы бар. Жаңасын сатып алмаймын. Алда мен тек ескі туды көтеремін», - деді Жоламан Шәршенбеков.

Алайда, Шәршенбековтің пікірінен кейін қырғыз билігіндегілер оны сынға ала бастады. 

Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Еділ Байсалов Жоламан Шәршенбековтің ту турасында айтқан пікіріне қатысты Х әлеуметтік желісінде өз ойын жариялады.

«Біздің елде алда Азия чемпионаты және рейтингтік турнир өтеді. Бұл жерде біздің мемлекет бекіткен ту көтеріледі. Париж олимпиадасында да жаңа туымызды спортшылар ұстап шығады», - деді вице-премьер. 

Ал елдің президент іс басқармасының басшысы Каныбек Түмөнбаев Шәршенбековті ащы сынға алды.

«Айтпаса сөздің атасы өледі дейді. Менің сөзім көпшілікке жақпай қалуы мүмкін. Бірақ бұл шындық. Мемлекет спортшыларға көңіл бөліп, үй беріп, көлік мінгізеді. Ең жоғары сый-құрметті көрсетіп жатыр. Олардың қол жеткізген жеңісі біздің намысымызды көрсеткенін бағалаймын. Бірақ, спортшылар, мәдениет өкілдері, ақын-манасшылар елдің саясатына араласпай-ақ қойсын», - деді Каныбек Түмөнбаев. 

Сонымен бірге, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев кез келген спортшыға мемлекет бекіткен тудан бөлек рәмізді алып шығуға болмайтынын атады. 

«Ешқандай спортшы мемлекет бекіткен тудан басқасын ресми жарыстарда көтеріп шығуына болмайды. Егер ойы болса, сол әрекетін жасап көрсін! Заң қабылданды. Ал біз, азаматтар оны орындауымыз керек», - деді Ташиев.

Сондай-ақ, қырғыз президентінің баспасөз хатшысы Дайырбек Орынбеков әлеуметтік желіде Камшыбек Ташиевті қолдап жазба жариялады. 

«Мемлекеттің сыйын көріп, қолдауын алып, саясатқа мұрнын тығып бұзақылық қылғандар ойланып қадам жасаңыздар», - деді президенттің баспасөз хатшысы.

Еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Ерназар Ахмадалиев жаңа туды алдағы жарыстарда көтеретінін атады. 

«Тудың алғашқы нұсқасы жақсы болды. Онымен біз көптеген жетістіктерге жеттік. Енді мемлекет қабылдаған жаңа тумен ареналарда шығамын. Жауапты адамдар түсіндіріп берген соң мен ойланып қалдым. Негізі ту толығымен өзгерген жоқ қой. Күннің шамшырағына тек аздаған өзгеріс енді. Мемлекет қай туды бекітсе, жарыстарда соны алып шығамын», - дейді Ерназар Ахмадалиев. 

Қазіргі уақытта Жоламан Шәршенбеков грек-рим күресінен 60 келіде әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Ол 2018-2023 жылдар арасында өткен әлем чемпионаттарында төрт рет финалға шығып, 2 рет чемпион атанды. Азия құрлығының екі дүркін чемпионы. Әлем кубогының иегері. Сондай-ақ, биыл Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Спорт сарапшыларының пікірінше, ол Париж олимпиасында чемпион атануы мүмкін бірден бір спортшы.