Еркін күрестен Азия чемпионы Күрес федерациясына вице-президент болып тағайындалды

Редактор
22.12.2023, 16:14

Ол соңғы оны жылдан астам уақытта мемлекеттік қызметте еңбек етіп келген

Күрес федерациясы

Еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясына жаңа вице-президент тағайындалды. Аталған лауазымға еркін күрестен Азия чемпионы Нұржан Катаев бекітілді.

Ол 1983 жылы Түркістан облысының Төле би ауданында дүниеге келген. Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Жастар арасында әлем чемпионы. Сондай-ақ, 96 келіде күрескен кезінде ересектер сары құрлық біріншілігінде 5 рет жүлде алды. Ол 2003-2010 жылдар аралығында бір рет алтын, 2 мәрте күміс және қола жүлде иегері атанды. Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы.

Ол еңбек жолын 2003 жылы «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві» дирекциясында спорт нұсқаушысы болып бастаған. 2009-2012 жылдары Қазақстан Премьер-министрі кеңсесінің қаржы-шаруашылық бөлімінде талдаушы, кейін бас талдаушы болып еңбек етті. 2013 жылдан ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Заң департаментінің бас талдаушысы, 2014 жылы Спорт және дене шынықтыру агенттігінің стратегиялық даму департаментінің бас талдаушысы, 2014 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетінде бас талдаушы болып жұмыс істеді. 2018 жылы «Ордабасы» футбол клубының президенті болып тағайындалған.

Материалда: