Қазақстан намысын қорғаған Галбадрах Монғолия азаматтығын алуға өтініш берді. Министрлік не дейді?

Редактор
09.01.2025, 11:11

Отгонцэцэг Токио Олимпиадасынан кейін мансабын аяқтаған

Getty images

Ұзақ жылдар бойы Қазақстан атынан күрескен белгілі дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах туған елі Моңғолия елінің азаматтығын қайтадан алуға өтініш берді. Бұл ақпаратты ең алғаш 1bol.kz жазған болатын. Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігі мен дзюдо федерациясы пікір білдіріпті.

Tengri Sport агенттігінің жазуынша, спортшы 2021 жылы құрамадан кеткен соң, тиісті ведомстволар бұл мәселеге бас ауыртпайтынын айтқан.

«Ол мансабын аяқтады және ұлттық құраманың мүшесі емес. Сондықтан азаматтық заңнамаға қатысты пікір айта алмаймыз», - деді Спорт министрлігі.

Дзюдо федерациясының да жауабы осыған ұқсас болып шықты.

«Отгонцэцэг Галбадрах 2021 жылдан бері Қазақстан құрамасының мүшесі емес. Сондықтан федерация бұған қатысты пікір білдіре алмайды», - делінген жауапта.

Отгонцэцэг 2015 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсете бастады. Ол Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ, әлем чемпионаттарында екі рет үшінші орын алған. Азия чемпионы. Гранд Слэм, Гран При жарыстарында бірнеше рет топ жарды. Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері.

Отгонцэцэг Галбадрах Токио Олимпиадасынан кейін мансабын аяқтап, Монғолия астанасы Ұланбатыр қаласына көшіп кетті. Осында Winner judo, sport club клубын ашқан. Қазіргі уақытта жас дзюдошылар дайындайды. Шәкірттері халықаралық жарыстарда күресіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.