«Көгерген қабырға, шіріген сантехника»: спортшы Маңғыстаудағы күрес мектебінің күйін көрсетті (ВИДЕО)

Редактор
09.01.2025, 14:34

Облыста күрес түрлерінің дамуына еш жағдай жасалмаған

скрин Instagram

Еркін күрестен спорт шебері Бекзат Жортанов Маңғыстау облысында балалар грек-рим күресімен қандай жағдайда даярланып жатқанын көрсетіп, жұртты шошытты. 

Блогер әбден тоз-тозы шыққан ғимаратта жаттығу жасап жүрген балалар мен олардың бапкерлерінен нәтиже күтудің өзі қате екенін алға тартты.

Ол Маңғыстау облыстық күрес бойынша мамандандырылған резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебі қандай күйде екенін көрсеткен. Нысан Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген. Ғимараттың қабырғалары құлап, ылғалдан көгеріп кеткен, ал шомылу бөлмесінде су ақпайтынын, сантехниканың бәрі шіріп кеткенін видеокадрлардан анық байқауға болады. 

«Қабырғалары көгеріп кеткен. Жастарымыз осы жерде киінеді, жаттығу жасайды. Іші сап-салқын. Шомылатын жер де көгеріп кеткен. Ыстық су жоқ. Жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Іші қараңғы, себебі элкектр жоқ. Ертең балалар ауру болады. Ал мектеп басшысы әдеттегідей орнында жоқ. Осымен төртінші рет келдім. Орнында болмайды, есесіне оның кабинеті тап-таза», - деді экс-спортшы видеода. 

Блогер Маңғыстау облысында күрес түрлері өте нашар дамығанын, өйткені облыстық жарыстар жертөле сияқты жерлерде ұйымдастырылатынын жеткізді. Сөзіне тағы бір дәлел ретінде 5 қаңтарда грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында Маңғыстау облыстық чемпионатынан үзінді жариялады. Онда балуандардың күресі видеоға түсірілмейтінін, таблоның жоқтығы, одан қалды баннерде «қазақ күресінен Маңғыстау облысының чемпионаты» деп жазылғанын көруге болады. 

«Көрерменге ешқандай жағдай жасалмаған. Зал салқын, табло жоқ, төрешілерге арнайы киім жоқ. Спорт басқармасынан жарысты ұйымдастыруға ақша бөлінеді, жайдан-жай ешкім келмейді. Бұл салықтан түсіп отырған қаражат. Бірақ мұнда ештеңе жоқ. Тіпті жарық жоқ. Қарайтын комиссия қайда? Бұл балалар Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайды ғой. Мұқашев Мақсат мырза, кезінде бірге күрестік, дос болдық, өзіңіз еркін күрес шеберісіз. Сізді күрес жанашыры деп білеміз, бірақ мынау не масқара?! Неге комиссия тағайындамайсыз? Бір көрермен жоқ. Жарыс құдды жертөледе өтіп жатқандай. Біздің облыста күрес деңгейі нашар, қайдан нәтиже болсын» - деді Бекзат Жортанов.

Маңғыстау облыстық әкімдігінің спортқа жауапты шенділері бұл видеоға қатысты әлі ресми жауап қатқан жоқ.