Бұл салмақта күрескен қазақ балуаны бірінші айналымнан әрі аса алмады
Екі күн бұрын Алматыдағы PWL турнирінде күресіп, Ризабек Айтмұқанды оңай жеңіп кеткен америкалық даңқты балуан Кайл Снайдер Албанияда өтіп жатқан рейтингтік турнирде жеңіліп қалды. Ол жартылай финалда жапон балуаны Араш Ёшидамен белдесіп, тартысты бәсекеде қарсыласына есе жіберді.
Снайдер жартылай финалға дейін алдымен Иран мықтысы Можтаба Голейджні сан соқтырған. Ширек финалда беларусь балуаны Гуштын Александрдан айласын асырды. Ал, қола медаль үшін белдесуде грузиялық Дато Пирузачилиді қапы қалдырды.
Айта кету керек, Снайдар мен Ёшида арасындағы белдесу 5:5 есебімен тең аяқталған. Алайда, соңғы ұпайды жапон балуаны алғандықтан, жеңіс соған берілді.
Араш Ёшида финалда ирандық Эрфан Ализадені 3:2 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Бұл салмақта күрескен Қазақстан балуаны Бекзат Үркімбай мажарстандық Ришад Вегтен алғашқы айналымда жеңіліп, жарысты аяқтады.