Ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына баруға ниетті
Өзбекстандық даңқты гимнаст Оксана Чусовитина Бакуде өтіп жатқан әлем кубогының кезеңінде тірекке секіру жаттығуында алтын медаль жеңіп алды.
Тірек секіру жаттығудың финалында 49 жастағы Оксана Чусовитина 13.516 ұпаймен үздік нәтиже көрсетті.
Оксананың бұл биылғы әлем кубогы кезеңдеріндегі екінші жүлдесі. Бұған дейін ол Германияның Котбус қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде қола медаль олжалаған.
Оксана Чусовитина әлемдегі ең танымал гимнастардың қатарында. Ол сегіз Олимпиадаға қатысқан. 1992 жылы Барселонада командалық сайыста алтын медаль алған. 2008 жылы Бейжіңде күміс медальға ие болған. Сондай-ақ, әлем чемпионаттарында 11 медаль жеңіп алған (3 алтын, 4 күміс, 4 қола).
Былтыр БАҚ-қа сұхбат берген Чусовитина 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына баруға ниетті екенін жасырмады.
Айта кетейік, Бакудегі FIG спорттық гимнастикадан әлем кубогы 10-наурызда аяқталады