Олимпиадаға дейін еш үзіліс жоқ
Стенд атудан Қазақстан командасы Катар астанасы Дохада оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр. Olympic.kz-тің жазуынша, аталған жиыннан соң отандық мергендер Кувейтте өтетін лицензиялық Азия чемпионатына қатысады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Сергей Колостың сөзінше, спортшылар қазір дайындықтарын пысықтап, алдағы сында жоғары жетістікке жетуді көздеп отыр.
«Әл-Кувейтте өтетін лицензиялық Азия біріншілігі «скит» және «трап» бағдарламасы бойынша өтеді. Онда 12 спортшымыз қатысады. Аталған жарыста екі жолдама жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз. Лицензиялық турнир аяқталған соң, рейтингілік әлем кубогының кезеңдері жалғасады. Египет, Марокко, Катар мемлекеттерінде олимпиадалық ұпай беретін жарыстар өтеді», - деді бас бапкер.
Стенд атудан Қазақстан командасының үздігі Әсем Орынбайдың айтуынша, спортшылар лицензия алу үшін барын салады.
«Олимпиадаға дейін еш үзіліс жоқ. Лицензиялық Азия чемпионатынан бөлек, рейтингілік әлем кубогі кезеңдері бар. Сол жарыстардың бәріне қатысамыз. Кубоктік турнирлерде рейтингілік ұпай беріледі. Ал Катарда өтетін әлем кубогынде ұпай емес, бірден жолдама беріледі. Яғни, алғашқы үш орынды иеленген спортшылар бірден Олимпиадаға жолдама алады», - деді Орынбай.