Бүгін тағы бес балуан қыз жарыс жолына шығады
Амманда (Иордания) өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстанның балуан қыздары қола жүлде үшін күресіп, жеңіліп қалды.
Бес балуан бозкілемге шығып, үшеуі қола медаль үшін күрескен болатын. Үшеуі де қарсыласына есе жіберіп, Азия чемпионатын 5-орынмен аяқтады.
50 келіде бақ сынаған Светлана Анкичева қола медаль үшін белдесуде моңғол қызы Мөнхнар Бямбасүрэннен жеңілді. Светлана чемпионаттың жартылай финалына дейін жетті. Алғашқы белдесуінде Қытайлық Тайпей спортшысы Юи Хуй Линді айқын басымдықпен жеңіп (10:0), жартылай финалға шыққан. Жартылай финалда қытай балуаны Юи Жаннан 10:0 есебімен есе жіберді.
Гүлдана Бекеш (59 келі) қола жүлдеге таласта қытайлық Менгиу Циден айласын асыра алмады. Гүлдана ширек финалда Солтүстік Корея спортшысы Пиол Хоннан 12:1 есебімен жеңілген. Пиол финалға шығып, Гүлдана жұбаныш белдесуде күресіп, өзбекстандық Сарбиназ Жиенбаеваны жеңген болатын.
Ирина Казюлина (68 келі) болса қола медаль үшін белдесуде 18 жастағы үнді қызы Манси Латерден жеңілді.
Ирина Амман бозкілемінде екі белдесу өткізді. Ширек финалда қытайлық Зелу Лиден 4:0 есебімен жеңілген. Қытай қызы финалға шығып, бұл салмақта қатысушы аз болғандықтан Ирина жұбаныш белдесу өткізбей-ақ қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алған.
Сондай-ақ, екі қазақстандық балуан алғашқы белдесуінде жеңіліс тапты. Құрама көшбасшысы Эльмира Сыздықова алғашқы белдесуінде Солтүстік Кореялық Ми Хиян Кимге жол берді (12:0).
Ал, 55 келіде күрескен Зульфия Яхиарова моңғол балуаны Отгонтуяа Баянмөнхден жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.
Бүгінгі жарыс күні Зейнеп Баянова (53 келі), Нилуфар Раймова (57 келі), Тыныс Дубек (62 келі), Гауһар Мұқатай (65 келі), Жәмила Бақбергенова (72 келі) жарыс жолына шығады.