Сыр өңірінде ірі халықаралық турнир өткелі жатыр
Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Ақжол Махмұдов Қызылорда қаласына келді. Бұл туралы облыстың спорт басқармасы мәлімдеді.
18-20 сәуір күндері Қызылордада Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир өтеді. Бұл бәсекеге 300-ге жуық спортшы қатысады. Бірақ Ақжол Махмұдовтың бұл сында белдесетіні туралы ақпарат әзірге белгісіз.
«Турнирге Бразилия, Қытай, Беларусь, Ресей, Қарақалпақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия елдерінің және Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларынан 300-ге жуық спортшы 10 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынайтын болады. Бұл – турнирдің ауқымы мен беделін айқындайды», - деді облыстық Спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев.
Ақжол Махмұдов Париж Олимпиадасынан кейін отбасын құрған болатын. Ол былтыр жыл соңында Атырауда өткен турнирге құрметті қонақ ретінде шақырылған. Даңқты балуан 77 келіде Токио Олимпиадасында – күміс, Парижде қола жүлде иеленді. Сондай-ақ, ол – әлемнің екі дүркін чемпионы.