Бүлдіршінді құтқарамын деп көз жұмған бапкердің 6 баласы баспанасыз қалуы мүмкін

Редактор
23.06.2025, 15:33

Нұрбол Бердіғалиев 2019 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алған

Әлеуметтік желі

Соңғы күндері Ақтөбе облысының Жарлы ауылында болған ауыр жағдай бүкіл елді алаңдатты. 9 жасар қызды қоқыс толы құдықтан құтқармақ болып қаза тапқан бапкер Нұрбол Бердіғалиевтің ерлігі елдің жанын тебірентті.

Журналист Ақырыс Сейітқазының жазуынша, Нұрболдың жаназасына берісі Ақтөбеден, әрісі өзге облыстардан келген достары мен әріптестерінің, шәкірттері мен замандастарының санында есеп болмаған. Ел ішінен көңіл айтып, қолдан келгенше көмек көрсетіп жатқан азаматтар көп. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Тимур Құлыбаев басқаратын Halyk қоры марқұмның отбасына ресми көңіл айту жеделхаттарын жолдаған.

Алайда бапкердің артында қалған 6 бала мен жарына нақты қолдау әлі де қажет. Нұрбол Бердіғалиев 2019 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алғанымен, үйдің несиесі толық өтелмеген. Сондықтан қазіргі таңда отбасы тұрып жатқан баспана заң жүзінде әлі мемлекет меншігінде.

Журналист Сейітқазы осыған орай:

«Байғанин ауданының әкімдігі осы мәселеге назар аударса деген өтініш бар!» – дейді.

Марқұмның артында 2014, 2015, 2018, 2019, 2022 және 2025 жылдары туған алты бала қалды, ең кішісі – бес айлық сәби. Отбасы бар болғаны 94 мың теңге жәрдемақымен күн көруде. Марқұмның әйелі бала күтімімен үйде отыр.

Сейітқазының сөзінше, Нұрбол ешкімнен қол жайып, көмек сұраған емес. Керісінше, жалақысының берекесін тауып, жаттығушыларын жарысқа апарып, спорт киімдерін әперіп, қызықты кештер ұйымдастырып жүрген.

Ал Нұрбол Бердіғалиевтің жарының айтуынша, ол ауылдан жұлдыз шығаруды армандаған. Шәкірттері республикалық чемпионаттарда топ жарып, «Ауыл спорты» жобасында жеңіске жеткен.

«Ол Байғаниннен әлем, Олимпиада чемпионын шығарамын деген арманмен көз жұмды», – деп жазады журналист.

Осы орайда қоғамда үлкен үндеу туып отыр. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа, Halyk қорына және елім деп жүрген ел ағаларына отбасына көмектесу туралы өтініш айтып жатқандар көп.

«Аңырап қалған алты балаға облыс орталығы Ақтөбе қаласынан пәтер берілсе, шалғай ауылдан келіп, білім алуға мүмкіндік туса», – деген Сейітқазы Ақтөбенің ғана емес, жалпы қазақтың жомарт жігіттерінен үнсіз қалмауды сұрады.

Материалда: