Жарнама
Жарнама

Рыбакина, Швёнтек, Бенчич: Қытайдағы аламанда үздіктер өнер көрсетеді

25.12.2025, 22:24

Жылдың соңғы жарысы 26 желтоқсанда басталады. 

Қазақстан теннис федерациясы

26-28 желтоқсан аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында World Tennis Continental Cup (WTCC) деп аталатын жаңа командалық турнир өтеді.

Ерекшелігі сол, аталған турнир алғаш рет ұйымдастырылып отыр, әрі Қытай бұл бәсекеге нағыз жұлдыздарды жинаған.

WTCC форматы белгілі бір деңгейде Лэйвер кубогын еске салады. Турнирде Еуропа құрамасы мен Әлем құрамасы өзара күш сынасады. Әр командада төрт теннисші бар, оның тең жартысы – әйелдер. Осылайша, Шэньчжэньдегі жарысқа ерлермен қатар әйелдер де қатысады. Матчтар үш сеттен тұрады және әйелдер мен ерлер жекелей сында, сондай-ақ аралас жұп (микст) жарысында бақ сынайды. Үш күн ішінде барлығы 10 матч ойнатылады.

Рыбакина – турнирдің басты жұлдыздарының бірі

Бұл беделді жарысқа Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина да қатысады. Ол WTCC аясында мықтыларға қарсы үш матч өткізеді.

Турнирдің алғашқы күні Елена «Үлкен дулыға» турнирлерінің алты дүркін жеңімпазы, әлемнің екінші ракеткасы Ига Швёнтекпен кездеседі. Польшалық теннисші Еуропа командасының атынан өнер көрсетеді. Ал шешуші күні қазақстандық теннисші Токио-2020 Олимпиадасының чемпионы швейцариялық Белинда Бенчичке қарсы кортқа шығады.

Сондай-ақ Рыбакина аралас жұпта өнер көрсетеді. Оның микстегі серіктесі – ресейлік теннисші Андрей Рублёв. Ал қарсы тарапта Валентен Вашеро мен Ига Швёнтек жұбы ойнайды.

Негізі аралас жұптық сын әдетте «Үлкен дулыға» турнирлері мен Олимпиада ойындарында ғана өткізіледі. Миксте Рыбакинаның жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай дей алмайсың. Мәселен, US Open-2025 турнирінде жаңа форматта өткен аралас жұптық бәсекеде Елена Тейлор Фритцпен бірге болашақ чемпиондар Сара Эррани мен Андреа Вавассориға 4:2, 4:2 есебімен жол берген еді.

Есесіне Андрей Рублёв жап-жақсы жетістіктерге жетіп үлгерген. 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында ол Анастасия Павлюченковамен бірге алтын медаль жеңіп алған еді. Финалда олар жерлестері Елена Веснина мен Аслан Карацевті қапы қалдырған – 6:3, 6:7 (5:7).

WTCC-2025 қатысушылары

(ATP/WTA рейтингіндегі орны)

Еуропа құрамасы:

Флавио Коболли (Италия, 22)

Валентен Вашеро (Монако, 31)

Ига Швёнтек (Польша, 2)

Белинда Бенчич (Швейцария, 11)

Әлем құрамасы:

Андрей Рублёв (Ресей, 16)

Чжан Чжичжэнь (Қытай, 415)

Елена Рыбакина (Қазақстан, 5)

Ван Синьюй (Қытай, 57)

Матчтар кестесі (Астана уақытымен)

26 желтоқсан, жұма

14:00 – Бенчич – Ван

Швёнтек – Рыбакина

27 желтоқсан, сенбі

07:00 – Коболли – Чжан

Швёнтек – Синьюй

14:00 – Вашеро – Рублёв

Коболли/Бенчич – Чжан/Ван

28 желтоқсан, жексенбі

07:00 – Вашеро – Чжан

Бенчич – Рыбакина

14:00 — Коболли – Рублёв

Вашеро/Швёнтек – Рублёв/Рыбакина.

Реклама
Реклама