Ол енді жартылай финал жолдамасына таласады.
Australian Open-2026 турнирінде қазақстандық теннисшілердің арасынан алғаш болып Анна Данилина ширек финал жолдамасына қол жеткізді.
Жұптық сында еліміздің бірінші ракеткасы әрі әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина сербиялық теннисші Александра Круничпен (WTA жұптық рейтингінде №17) бірге 1/8 финалда алаң иелері - Сторм Хантер (№32) мен Майя Джойнттан (№59) басым түсті. Қарсыластарын 7:5, 7:6 (8:6) есебімен екі сетте тізе бүктірген қазақстандық-сербиялық дуэт турнирдің келесі кезеңіне қадам басты.
Енді Australian Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығу үшін Данилина мен Крунич жұптық сында әлемнің бірінші ракеткасы чехиялық Катерина Синякова және америкалық Тейлор Таунсендпен (WTA №2) кездеседі.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық Юлия Путинцева 1/8 финалда АҚШ өкілі, әлемнің 27-ракеткасы Ива Йовичке 0:6, 1:6 есебімен жол берді.
Қазақстандық жанкүйерлерді алда тағы маңызды кездесулер күтіп тұр. 25 қаңтарда Australian Open-нің 1/8 финалында Александр Бублик кортқа шығып, әлемнің алтыншы ракеткасы аустралиялық Алекс Де Минормен өзара кім мықтыны анықтайды. Соңғы екі кездесуде - «Ролан Гаррос» пен Париждегі «Мастерсте» қазақстандық теннисші басым түскен.
Ал 26 қаңтарда Елена Рыбакина әлемнің 21-ракеткасы бельгиялық Элиза Мертенспен келесі кезең жолдамасын сарапқа салады. Бұл екі теннисші бұған дейін WTA турнирлерінде жеті рет кездесіп, жеке кездесулерде Рыбакина 6:1 есебімен алда тұр.