Нөсер жауынның салдарынан бірнеше матч уақыты өзгеруі мүмкін
Елена Рыбакинаның Римдегі WTA 1000 турниріндегі кезекті матчы кейінге шегерілуі мүмкін. Бұған Италия астанасындағы қолайсыз ауа райы себеп болып отыр.
Синоптиктердің болжауынша, Римде нөсер жаңбыр жергілікті уақытпен түскі 12:00 шамасында басталып, кем дегенде кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Дәл осы уақыт аралығында қазақстандық теннисшінің кортқа шығуы жоспарланған.
Елена Рыбакина турнир аясында филиппиндік Александра Эаламен кездесуі тиіс. Алайда ауа райына байланысты матчтың басқа күнге немесе уақытқа ауысу ықтималдығы жоғары.
Сондай-ақ Рыбакинаның ойыны ғана емес, бүгінгі жарыс күніндегі тағы бірнеше матчқа да қауіп төніп тұр. Атап айтқанда, Карен Хачанов пен Ботик ван де Зандсхулп арасындағы кездесу, сондай-ақ Диана Шнайдер мен Наоми Осаканың матчы кейінге қалдырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Римдегі беделді турнирдің қазіргі чемпиондары – италиялық Жасмин Паолини мен испаниялық Карлос Алькарас. Алайда биыл екеуі де чемпиондық атағын қорғай алмайды.
Жасмин Паолини үшінші айналымда бельгиялық Элисе Мертенске күтпеген жерден есе жіберсе, Карлос Алькарас жарақатына байланысты турнирден мүлде бас тартты.