Рыбакина аталған жарысқа бапкерсіз келген
Теннистен Америка ашық біріншілігін қазақстандық Елена Рыбакина (#4) мен Юлия Путинцева (#32) жеңіспен бастады.
Рыбакинаның бірінші айналымдағы қарсыласы аустралиялық Дестани Айява (#143) болды. Бірінші сетті отандасымыз 6:1 есебімен айқын жеңсе, екінші сет тағдыры тай-брейкте шешіліп, 7:6 есебімен тағы да Рыбакинаның мерейі үстем болды.
Айта кету керек, дәл осы US Open турнирінің алдында Елена Рыбакина өз бапкерімен арадағы келісімшартты тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Жарысқа оны Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин дайындаған.
Келесі айналымда Рыбакина француз Джессика Поншемен (#143) кортқа шығады.
Ал, Юлия Путинцева болса чех қызы Линда Носковамен (#25) кім мықтыны анықтады. Екі сетке созылған матч 7:6, 6:4 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешілді.
Екінші айналымда Путинцева қытайлық Синьюй Ванмен (#40) кездеседі.
Айта кетейік, ерлер арасындағы сында қазақстандық Тимофей Скатов пен Александр Бублик бірінші айналымда жеңіліп қалды. Екінші айналымға тек Александр Шевченко ғана шықты.