US Open: ерлер арасындағы сында жалғыз қалған қазақстандық теннисші ойсырай жеңілді

Редактор
29.08.2024, 01:01

Есесіне қыздарымыз сәтті өнер көрсетіп жатыр

Global Look Press

Теннистен дәстүрлі US Open турнирін сәтті бастаған қазақстандық Александр Шевченко (#61) екінші айналымда америкалық қарсыласынан ойсырай жеңілді.

1/32 финалда отандасымыз АҚШ теннисшісі Фрэнсис Тьяфпен (#20) кездескен. Алғашқы сетте Шевченко айтарлықтай қарсылық танытып, 4:6 есебімен жеңілді. Алайда, екінші сетте күші срақылды ма, әлде ойыны жүрмеді ме, небәрі бір геймді өз пайдасына шешіп, 1:6 есебімен тағы жеңілді. Мұнан кейін ол матчты жалғастырудан бас тартып, үшінші сетке шыққан жоқ.

Осылайша, US Open-нің ерлер сынында өнер көрсеткен қазақстандық теннисшілердің бәрі жеңілді. Алғашқы айналымда Александр Бублик пен Тимофей Скатов сүрінсе, бүгінгі екінші айналымда Шевченко да жарысты аяқтады.

Ал, қыздар сынында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бірінші айналымда жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.