Елена Рыбакинаның денсаулығы тағы сыр берді: ол US Open турнирін жалғастыра алмайды

Редактор
30.08.2024, 02:10

Ол тек 2024 жылы сегіз турнирді жалғастырудан бас тартты

Getty Images

Әлемнің төртінші ракеткасы – қазақстандық Елена Рыбакина US Open турнирін жалғастырудан бас тартты. X әлеуметтік желісіндегі The Tennis Letter аккаунтының жазуынша, теннисші жарақатына байланысты жарысты тоқтатқан.

Рыбакина турнирдің екінші айналымында америкалық Джессика Поншемен (#142) кездесуі керек болған. Алайда, жарысты ұйымдастырушылар қазақстандық теннисшінің кортқа шықпайтынын хабарлады. Осылайша, Понше автоматты түрде үшінші айналымға өтіп отыр.

«Тек 2024 жылдың өзінде Елена Рыбакина денсаулығына байланысты 8 турнирді жалғастыра алмады. Дубай – асқазан-ішек ауруы, Рим – ауырды, Берлин – іші ауырды, Истборн – кестесінде өзгеріс болды, Олимпиада – өткір бронхит, Торонто – бронхит, US Open – жарақат», - делінген The Tennis Letter парақшасындағы жазбада.

Айта кетейік, US Open турнирінде Қазақстанның өзге теннисшісі Юлия Путинцева (#32) сәтті өнер көрсетіп жатыр. Бүгін ол екінші айналымда қытайлық Ван Синьюйді (#40) 6:1, 7:6 есебімен жеңді.