Ол осы турнирде бұлшықетін жарақаттап алған еді
Әлемдік теннис тарихындағы ең үздік теннисшілердің бірі серб Новак Джокович Autralian Open 2025 турнирінің финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз. 37 жастағы спортшы жартылай финалда денсаулығына байланысты матчты жалғастырудан бас тартқан. Енді ол келер жылы аталған турнирге қатыспауым да мүмкін дегенді айтып қалды.
Джокович «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді ең көп жеңген (24 рет) теннисші ретінде есімін тарихқа алтын әріптермен жазды. Дәл осы Autralian Open турнирін ол 10 рет жеңіп алған. Сондай-ақ, әлемдік рейтингте ең ұзақ уақыт көш бастаған (428 апта) теннисші ретінде де рекорд жаңартқан еді.
Autralian Open 2025 жартылай финалында серб теннисшісі германиялық Александр Зверевпен кортқа шыққан болатын. Алғашқы сеттен кейін ол денсаулығына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты.
«Бұлшық еттің жыртылуынан осындай күйге тап болдым. Кездесуге бір сағат қалғанға дейін емделдім, физиотерапевтің көмегіне жүгіндім. Бірінші сеттің соңына қарай ауру күшейді. Сондықтан матчты тоқтатуға мәжбүр болдым», - деді Джокович матчтан кейін.
Сондай-ақ, ол келер жылы Аустралия ашық біріншілігіне қатысуы екіталай екенін де жасырмады.
«Бәрі биылғы маусымның қалай өтетініне байланысты, мүмкін осы соңғы турнирі шығар», - деп пікір білдірді әйгілі теннисші.
Autralian Open турнирін 10 рет жеңіп алған Джокович осымен екінші рет бәсекені жалғастырудан бас тартты. Бұған дейін 2009 жылы ширек финалда дәл осылай америкалық Энди Роддикке (7:6 (7:3), 4:6, 2:6, 1:2) есе жіберген болатын.
Ал, карьерасында алғаш рет Гран Слэм турнирінің финалына шыққан Александр Зверев чемпиондық атақ үшін әлемнің 1-ракеткасы, өткен жылғы Australian Open турнирінің жеңімпазы италиялық Янник Синнермен шеберлік байқасады.