Құрама сапынан алғашқы жеңіліс тіркелді.
Қазақстандық боксшы Ерасыл Жақпеков Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионатында екінші кездесуін өткізді.
1/8 финалда 80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жақпеков турнирдің фавориттерінің бірі саналатын ресейлік Джамбулат Бижамовпен айқасты. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы соңғы раундта қарсыласын нокдаунға түсіргенімен, төрешілер жеңісті Бижамовқа берді. Кездесу 1:4 есебімен аяқталды.
Осы нәтижеден кейін Ерасыл Жақпеков әлем чемпионатындағы жорығын аяқтады. Ал 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Бижамов жарыстың ширек финалына жолдама алды.
Бұл жеңіліс – Қазақстан құрамасы үшін чемпионаттағы алғашқы сәтсіздік. Бұған дейін ұлттық команда өкілдері қатарынан 12 жекпе-жекте жеңіске жетіп, жоғары қарқын көрсеткен еді.
Айта кетейік, Қазақстан әлем чемпионатында барлық 13 салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр. Дубайдағы байрақты бәсеке 13 желтоқсанға дейін жалғасады.