Әзірге ол жартылай ауыр салмақта өнер көрсетіп жүр.
Жартылай ауыр салмақта (79,4 кг дейін) әлемнің біріккен чемпионы, ресейлік боксшы Дмитрий Бивол болашақта бірінші ауыр салмақта (90,7 кг дейін) бақ сынап көруге ниетті.
Боксшының айтуынша, бұл ой жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылыстан туындаған.
«Крузервейтке ауысу туралы ойдың туындауына ешкім себеп болған жоқ. Жаңа жетістікке қол жеткізсем деген ниеттен туды. Бірінші ауыр салмақта өзімді сынап көргім келеді. Шынымен де, неге байқап көрмеске?» - деді Бивол «Чемпионат» порталына берген эксклюзивті сұхбатында.
35 жастағы Дмитрий Бивол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2014 жылы өткізген. Содан бері ол кәсіпқой рингте 25 кездесу өткізіп, соның 24-інде жеңіске жеткен (12-сін нокаутпен), ал бір жекпе-жекте жеңіліс тапқан.