Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Ангелина Лукас Шайдоровты қолдап, спорттағы әділетсіздік туралы айтты

Бүгін, 11:28

Оның сөзінше, спортта шындықты айтқандар қолдау көре бермейді

Ангелина Лукас Шайдоровты қолдап, спорттағы әділетсіздік туралы айтты
Коллаж 1bol.kz

Қазақстандық танымал боксшы Ангелина Лукас бірнеше ай бойы жалақы ала алмағанын айтқан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қолдау білдірді.

Спортшы Instagram парақшасында жариялаған жазбасында мұндай жағдайдың өзіне де таныс екенін айтып, ұлттық құрама сапында жүрген кезде әділетсіздікке тап болғанын жеткізді.

«Михаил Шайдоровтың бес айға жуық уақыттан бері жалақы алмағаны туралы мәлімдемесін оқыдым. Шынын айтсам, бұл жағдай мені таңғалдырған жоқ. Өйткені өзім де дәл осындай кезеңді бастан өткердім. Ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі болсам да, небәрі 50 мың теңге жалақы алған кездерім болды», – деді Лукас.

Оның сөзінше, спортта шындықты айтқан немесе жүйедегі қиындықтарға қарамастан жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылардың барлығы бірдей қолдау көре бермейді.

Боксшы кей жағдайда мұндай спортшыларға қысым жасалып, олар туралы теріс ақпарат тарату әрекеттері кездесетінін мәлімдеді.

«Мен де сондай жағдайды бастан өткердім. Мен туралы ақпараттарды түрлі ортақ чаттарға таратып, жаппай шабуыл жасауға үндеген кездер болды», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Лукас өзінің жетістіктері лайықты деңгейде бағаланбағанын айтып, мемлекеттік қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Туризм және спорт министрлігінің басшылығымен кездесуден кейін қаржылық қолдау көрсетіледі деген уәде берілгенімен, нақты өзгеріс болмаған.

Боксшы бұқаралық ақпарат құралдарының да өз жетістіктеріне жеткілікті назар аудармағанын алға тартты.

«Менің жеңістерім мен тарихи жетістіктерім көп жағдайда назардан тыс қалды. Керісінше, жетістіктерімді төмендетуге тырысқан жағдайлар болды. Ал кәсіби спортқа қолдау көрсетілмейді деген пікірмен келісу қиын. Егер олай болса, неге Жәнібек Әлімханұлы Президентпен кездесті? Неліктен Шавкат Рахмоновқа мемлекет басшысы пәтер сыйлады?» – деді спортшы.

Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы ала алмай жүргенін айтып, спорт саласындағы қаржыландыру мәселесін көтерген болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам