Адамес екінші орта салмаққа (168 фунтқа) көтерілетінін тағы бір мәрте растады
Орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, доминикандық боксшы Карлос Адамес салмақ дәрежесін ауыстыру туралы мәлімдеме жасап, бокс жанкүйерлері арасында қызу талқыға түсті.
Адамес әлеуметтік желідегі парақшасында екінші орта салмаққа (168 фунтқа) көтерілетінін тағы бір мәрте растады.
«Тағы да қайталап айтайын: мен 168 фунтқа (76,2 кг) ауысамын. Екі боксшы менімен жұдырықтасудан бас тартты. Бұл – ұят жағдай», – деп жазды чемпион.
Алайда бұл мәлімдеме бокс қауымдастығында бірден сынға ұшырады. Southpaws Run Boxing парақшасы Адаместің сөздеріне жауап беріп, оның орта салмақта жүрген кезінде WBO чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен кездесуден қашқақтағанын еске салды.
«Сен 160 фунттағы бүкіл мансабыңда Жәнібекпен жұдырықтасудан жалтарып келдің», – деп жазды аталған аккаунт.