Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Қазақстанның боксшы қыздары Азия чемпионатында 6 алтын медаль жеңіп алды

Бүгін, 16:53
Қазақстанның боксшы қыздары Азия чемпионатында 6 алтын медаль жеңіп алды
Қазақстан бокс федерациясы

Джакартада өтіп жатқан бокстан U19 және U23 санатындағы Азия чемпионатының финалдық кезеңі басталды. Бүгін ақтық сынға сүрінбей жеткен қыздар құрлық чемпиондарын анықтап, жарысты аяқтады.

Қазақстан құрамасынан бұл күні 9 боксшы қыз ел намысын қорғаған болатын. Олардың алтауы чемпион атанса, қалған үшеуі күміс жүлдені қанағат тұтты.

Алғаш болып рингке 70 келідегі Камила Оспанова көтерілді. Отандасымыз ақтық сында Әлем чемпионы, Өзбекстан боксшысы Мафтуна Янгиевамен жұдырықтасып, 3 раундтың қорытындысы бойынша 3:2 есебімен басым түсті.

80 келідегі Айдана Убайдуллақызы да Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Шешуші сында Үндістан боксшысы Мега Шеокандпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Аса ауыр салмақта (+81 кг) ел намысын қорғаған Зарина Толыбай да финалда Үндістан боксшысымен кездесіп, 5:0 есебімен жеңді.

Жарыстың кешкі сессиясында 23 жасқа дейінгі боксшы қыздар рингке шықты. 48 келіде өнер көрсететін Гүлназ Бөрібай Моңғолия боксшысы Содон-Од Биндериямен жұдырықтасып, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Азиза Исина (70 кг) болса өзбек Райхона Курбонбаевамен болған ауыр жекпе-жекте жеңімпаз деп танылды. Төрешілер бұл кездесуде 3:2 есебін тіркеді.

Қазақстан қоржынына алтыншы алтын медальді Шұғыла Нәлібай (75 кг) салды. Финалда ол Үндістан өкілі Мусканмен қолғап түйістірді. Алғашқы минуттан қарқынын жоғарлатқан отандасымыз әр раундты өз еншісіне жазып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) жеңіске жетті.

Сондай-ақ, Анита Адишева (51 кг), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Құралай Егінбайқызы (80 кг) Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып отыр. Жарыс 16 шілдеде мәресіне жетеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам