ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

WBO президенті Жәнібек Әлімханұлын қорғап, Ширазға жауап берді

Бүгін, 17:04

Оливьери Шираздың айыптауымен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеді

WBO президенті Жәнібек Әлімханұлын қорғап, Ширазға жауап берді
Әлеуметтік желі

Дүниежүзілік бокс ұйымының президенті Густаво Оливьери Жәнібек Әлімханұлын екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хамза Шираздың міндетті қарсыласы етіп тағайындауға қатысты түсініктеме берді.

Бұған дейін британиялық боксшы бұл шешімді сынға алып, ұйымды жемқорлық пен жеке қарым-қатынасқа сүйенді деп айыптаған болатын. Оған Жәнібектің допинг сынамасынан мельдоний табылғаннан кейін жазасын өтеп, бірден чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігін алғаны себеп болған.

Алайда Оливьери Шираздың айыптауымен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеді.

— Оның мәлімдемелерімен, әсіресе жемқорлық, заңсыз мүдде немесе жеке қарым-қатынасқа негізделген шешімдер туралы болжамдарымен келіспеймін, — деді WBO президенті Uncrowned басылымына берген сұхбатында.

Оливьери Жәнібектің ісі допинг қолданғаны жарыстан кейін анықталған өзге боксшылардың жағдайынан ерекшеленетінін атап өтті.

— Біріншіден, Жәнібек допинг қолданды деген айып тағылғаннан кейін рингке шыққан жоқ. Жекпе-жек өткізілмеді. Екіншіден, бұл — оның алғашқы ереже бұзуы, — деді ұйым басшысы.

Сонымен қатар WBO ережесі ұйым чемпионына келесі салмақ дәрежесіне ауысқан кезде рейтингте жоғары орын алуға мүмкіндік береді. Оливьеридің айтуынша, Әлімханұлының орта салмақтағы жетістіктері чемпиондық белбеуге міндетті үміткер болуға таласқан даниялық Якоб Банктің нәтижесінен әлдеқайда жоғары бағаланған.

25 жастағы Банк бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скаллды жеңгеннен кейін Шираздың міндетті қарсыласы атануға үміттенген. Дегенмен WBO чемпиондық тәжірибесі мен орта салмақтағы жетістіктерін ескеріп, таңдауды Жәнібектің пайдасына жасаған.

Осылайша, ұйым Әлімханұлын екінші орта салмақтағы WBO белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіту туралы шешімінің ережеге толық сәйкес келетінін мәлімдеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам