WBO Жәнібекті әлем чемпионының басты қарсыласы етті
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) екінші орта салмақтағы жаңартылған рейтингінде көш бастады.
Ұйымның 28 тамызда жарияланған ресми тізімінде Әлімханұлы 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орыннан бірінші сатыға көтерілді. Одан кейін америкалық Диего Пачеко мен даниялық Якоб Банк орналасқан.
Бұл дивизиондағы WBO чемпиондық белбеуі британиялық Хамза Ширазға тиесілі. Бұған дейін ұйым Жәнібекті оның міндетті қарсыласы ретінде бекітіп, тараптарға чемпиондық жекпе-жекті ұйымдастыру жөніндегі келіссөзді бастауға тапсырма берген.
Белгіленген мерзім ішінде келісім жасалмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік саудаға шығарылады. Осылайша рейтингтегі бірінші орын Әлімханұлының Ширазбен өтетін титулдық айқасқа деген талабын одан әрі күшейтті.
Жәнібек биыл жазда өзіне тиесілі WBO тұжырымының орта салмақтағы чемпиондық белбеуінен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысқан болатын.
Сондай-ақ Германияда тұратын Қазақстан тумасы Роман Фресс WBO рейтингінде бірінші ауыр салмақ бойынша бірінші орында тұр.