WBO тараптарға 2026 жылғы 10 қыркүйекке дейін уақыт берді
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлы мен екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз арасындағы жекпе-жекке қатысты келіссөз мерзімін ұзартты.
Ұйымның мәліметінше, қазақстандық боксшының мүддесін қорғайтын Top Rank пен Шираздың өкілі Queensberry Promotions келіссөзді жалғастыру үшін қосымша бір апта сұраған.
WBO тараптарға 2026 жылғы 10 қыркүйекке дейін уақыт берді. Келісім құжаттары сол күні Атлант стандартты уақытымен сағат 17:00-ден кешіктірілмей тапсырылуға тиіс. Бұл — Қазақстан уақытымен 11 қыркүйек сағат 02:00.
«Егер тараптар белгіленген мерзімге дейін келісімге келіп, тиісті құжаттарды ұсынбаса, WBO чемпиондық комитеті бекітілген тәртіпке сәйкес промоутерлік сауда өткізуді тағайындайды», — делінген ұйым хабарламасында.
Промоутерлік сауда жарияланған жағдайда жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы ең жоғары қаржы ұсынған компанияға беріледі. Сол кезде айқастың өтетін орны, уақыты және боксшылар алатын сыйақы мөлшері айқындалады.
WBO 14 тамызда Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен. Бастапқыда боксшылардың командаларына келісімге келу үшін 20 күн берілген еді.
Жәнібек 21 шілдеде орта салмақтағы WBO чемпиондық атағынан өз еркімен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысқан. Қазіргі таңда қазақстандық боксшы осы дивизиондағы WBO рейтингінде бірінші орында тұр.