Жекпе-жектен соң комаға түскен Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтайды

2026 жылғы 6 қарашада Татарстанның Қазан қаласында өтетін жекпе-жектен бас тартты

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы кәсіпқой рингтегі мансабын аяқтайтынын жариялады. Бұған дәрігерлердің жекпе-жекке шығуына рұқсат бермеуі себеп болған. Спортшы енді бапкерлікке бет бұрып, жас боксшыларды тәрбиелегісі келеді.

Ербосынұлының айтуынша, ол 2026 жылғы 6 қарашада Татарстанның Қазан қаласында өтетін жекпе-жекке дайындалып, Алматыда жаттығуын күшейткен. Боксшы жақсы бабына келіп, спаррингтер де өткізген. Алайда жекпе-жекке санаулы күн қалғанда Ресей бокс федерациясынан оның кездесуге қатысуына рұқсат берілмейтіні туралы хабар алған.

Спортшының сөзінше, бұған дейін бірнеше медициналық тексеруден өткен кезде неврологтар оған боксқа оралмауға кеңес берген. Соған қарамастан, ол рингке қайта шығуға үміттенген.

«Бәрі осымен аяқталды. Енді мені кәсіпқой боксшы ретінде рингтен көрмейсіздер. Мұны айту маған оңай емес. Бірақ бүгін барлығын ашық айтқым келеді», – деді Ербосынұлы.

Ол жас боксшыларға денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және негізсіз тәуекелге бармауға кеңес берді. Сонымен қатар спорттан біржола кетпейтінін, жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін кейінгі буынға бергісі келетінін жеткізді.

«Білікті бапкер болып, чемпиондарды тәрбиелегім келеді. Бокстан біржола кетпейміз. Жаттығуды жалғастырып, жаңа чемпиондар өсіреміз», – деді боксшы.

Айдос Ербосынұлы суперорта салмақта өнер көрсетіп, WBA International, WBO Global және WBC Asia нұсқалары бойынша чемпиондық атақтарды иеленген. Кәсіпқой бокстағы алғашқы 16 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, кейін бір рет жеңіліс тапты. Қазіргі рекорды – 16 жеңіс, 1 жеңіліс, оның 11-і нокаутпен аяқталған.

Боксшының мансабындағы ең ауыр сәт 2022 жылғы қарашада болды. Ол WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін Давид Моррельмен жұдырықтасып, 12-раундта ауыр нокаутқа түсті. Бас-ми жарақатына байланысты жасанды комаға енгізілген Ербосынұлы кейін емделіп, біртіндеп қалпына келді.

2026 жылғы 6 қарашада Қазанда өтеді деп жоспарланған жекпе-жек оның төрт жылға жуық үзілістен кейінгі рингке оралуы болуға тиіс еді. Алайда дәрігерлердің шешімінен кейін боксшы кәсіпқой мансабын аяқтауға бел буды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам