
Соңғы уақытта ол қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүр
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының қазіргі уақытта немен шұғылданып жүргені белгілі болды. Отандық спортшы үш жыл бұрын кубалық Дэвид Морреллден жеңілгеннен кейін әзірге шаршы алаңға оралған жоқ.
Дегенмен, ол қазір киім сататын дүкен ашып, әлеуметтік желіде сауда-саттық жүргізуге көшкен екен. Яғни, кәсіпке бет бұрған сыңайлы.
Айдос Ербосынұлы сататын киімдерді дені спорттық бағытқа арналған. Тіпті, оның киім дүкеніне Олимпиада чемпионы Елдос Сметов те келіп, спорттағы әріптесіне тілеулес екенін білдірген.
Айта кететін жайт, Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізді. Оның соңғысында отандық боксшы кубалықтан нокаутпен жеңіліп, басынан ауыр соққы алған еді. АҚШ ауруханасында бірнеше күн комада жатты. Соңғы сұхбаттарының бірінде ол кәсіпқой боксқа оралуы мүмкін екенін айтқан.