
Соған қарамастан қазақ қызы жарысты жеңіп шықты
Сербияның Ниш қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Алуа Балқыбекова алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз мансабында алғаш рет әлем чемпионы атанған боксшы жарысқа дайындықтың жоғары деңгейде болғанын, сондай-ақ, жаңа бапкер келгелі ұлттық құрамаға жаңа мамандар қосылғанын атады.
Боксшының сөзінше, ол әлем чемпионатында алғашқы жекпе-жегіне кешігіп қала жаздаған.
«Ең бірінші жекпе-жегіме кешігіп қалуға шақ қалдым. Негізі мен алтыншы жұпта едім. Маған дейінгі екі жұптың бәсекесі қысқа уақытта аяқталыпты. Сол себепті, кездесуге уақытында келе алмай қалдым. Содан кейін, «Қазақстан» жазуын алып шығатын қыз менен бұрын шығып кетті. Жанкүйерлерім алаңдап, барлығы маған жаза бастады. Көңіл-күйім де түсіп кетті. Өзім де басында мән-жайды түсінбей қалдым. Өйткені барлығы қарбалысып кетті. Осылайша, осы жарыстың ең бірінші күні есте қалды», - деді боксшы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, боксшы биыл Азия чемпионатына қатысқысы келетінін жасырмады.
«Жарыстан кейін бір апта көлемінде демалуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін алдағы турнирлерге дайындықты бастаймыз. Себебі бір орында тоқтап қалуға болмайды. Әрдайым бабымызда болуымыз керек. 1-15 қазан аралығында өтетін Азия чемпионаты тұр. Демалыстан соң дайындыққа кірісеміз. Ал одан бөлек ең басты мақсатым – 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, елге алтын медальмен оралу», - деді боксшы.
Наурыз айының 8-16 күндері аралығында Сербияда бокстан әйелдер арасында өткен әлем біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынға Ресей құрамасы орналасса, Түркия үздік үштікті түйіндеді.