Жәнібек Әлімханұлына реванш өткізуге ұсыныс түсті

31.03.2025, 13:11

Әлімханұлы мен Бентли 2022 жылдың қараша айында өзара кездесу өткізген

Жәнібек Әлімханұлына реванш өткізуге ұсыныс түсті
©instagram.com/janibek_alimkhanuly

Британиялық боксшы Дензел Бентлидің промоутері Фрэнк Уоррен оның қазақстандық орта салмақтағы әлемнің біріктірілген чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен реванш өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Әлімханұлы мен Бентли 2022 жылдың қараша айында өзара кездесу өткізіп, төрешілердің ортақ шешімімен «Қазақ стилі» жеңіске жеткен. Қазіргі уақытта Бентли WBO рейтингінде көш басында тұр және Жәнібекпен айқасқа басты үміткер саналады.

«Дензел рейтингте бірінші орында, сондықтан ол бабында болуы керек, әзірге оған мүмкіндік берілгенше күтуіміз қажет. Бар болғаны шыдамдылық керек. Біз оған әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке дейін тағы бір кездесу ұйымдастыруға тырысамыз, бірақ асығудың қажеті жоқ. Естеріңізде болса, Фрэнк Бруно өз кезегін бір жылдан астам күткен еді. Бұл процестің өз заңдылықтары бар, сондықтан сабыр сақтаған жөн.

Жәнібек – чемпион. Ал Дензел оған қарсы алғашқы жекпе-жекте өте жақсы өнер көрсетті. Онымен реванш тағы бір ауыр айқас болмақ. Бірақ Дензел әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасқысы келеді, сондықтан ол осы жолдан өтуі керек.

Алдағы күндері Жәнібек өз титулдарын Қазақстанда қорғайды. Әуелі ол осы міндетін орындап алуы тиіс, сонан соң көре жатармыз. Бәлкім ол белбеулерден бас тартып, басқа салмаққа ауысар, кім біледі? Дензел әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке дайын. Бірақ алдымен ол аралық жекпе-жек өткізеді, қазір біз нақты күнді белгілеп жатырмыз», – деді Уоррен The Ring басылымына берген сұхбатында.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам