
Ол ананы бала тәрбиесіне ғана көңіл бөлуі керек деп есептейді
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай тұрмысқа шыққан соң спорттағы мансабын аяқтайтынын айтты.
Былғары қолғап шебері «Хабар» телеарнасындағы «Қызық TIMES» бағдарламасында қонақта болып, отбасылық өмірге қатысты көзқарасын білдірді. Ол қыз баласы ана атанған соң, бокспен қоштасқаны дұрыс деп санайды екен.
«Жақында Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Біле білсеңіздер, Әйгерім – бес баланың анасы. Алайда, меніңше, күйеуге шыққан соң боксты қою керек. Себебі балаға тәрбие беретін ең бірінші адам – анасы. Егер спорттық мансабыңды жалғастырып, жарыстарға барып, жаттығуларға уақыт бөлсең, балаңның өскенін, қалыптасуын толыққанды көре алмайсың. Сондықтан бұл тұрғыда менің өз ұстанымым бөлек», – деді Назым Қызайбай.
Айта кетейік, 31 жастағы боксшы жақында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем біріншілігінде үздік шығып, осымен әлемнің үш дүркін чемпионы атанып отыр. Ал, былтыр Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген еді.