Отандық боксшылар қандай жарыстарға қатысады? Бас бапкер жауап берді

13.05.2025, 16:30

Таиландтағы аламанға Қазақстаннан 10 боксшы аттанады

Отандық боксшылар қандай жарыстарға қатысады? Бас бапкер жауап берді
ҚБФ

Бүгінде бокстан Қазақстан құрамасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бұдан бөлек тағы 9 былғары қолғап шеберіміз Қытайдың Құлжа қаласына аттанып, онда жергілікті және Өзбекстан боксшыларымен бірлескен жаттығуға қатысады.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтың айтуынша, сонан соң жаттығу жиындары Щучинск қаласында жалғасады. Сонымен қатар алда халықаралық жарыстар да күтіп тұр.

«26 мамырда жаттығу Щучинск қаласында өтеді. Осы уақыт аралығында бір топ боксшы Таиландтағы халықаралық турнирде бақ сынайды. Ал 5 маусым күні құраманың бірінші нөмірлі боксшылары Еуропадағы жарысқа аттанады», - деді Сәтжанов.

Таиландтағы аламанға Қазақстаннан 10 боксшы аттанады. Ал әлем чемпионатында топ жарған үш былғары қолғап шебері Түркиядағы бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысады.

Бас бапкер басымдық елорда төрінде өтетін Әлем кубогына берілетінін де еске салды. Ал оның алдында Алматы облысында бірнеше елдің қатысуымен бірлескен оқу-жаттығу жиындары өтеді.

«Жақын арадағы бәсеке – Астанада өтетін Әлем кубогы. Бұл жарыс алдында елімізде бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Қазірдің өзінде оған АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия мен Аустралия боксшылары қатысатынын растады», - деп қосты ол.

Сәтжановтың сөзінше, елордадағы турнирге әлем чемпионатында бақ сынайтын былғары қолғап шеберлері келеді деп күтілуде. Ал әлем біріншілігі қыркүйекте Ұлыбританияда өтеді.

«Әрине, 2025 жылдың басты жарысы – қыркүйек айында Ұлыбританияда өтетін World Boxing әлем чемпионаты. Жоғарыда аталған барлық дайындық кезеңі дүниежүзілік додаға бағытталған», - деп түйіндеді сөзін бапкер.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам