
Ангелина Лукас еліміздің тарихында чемпиондық белбеуін туған жерде қорғайтын алғашқы әйел боксшы болмақ
IBO, WBF, WIBF және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Ангелина Лукас (14-1, 7 КО) чемпиондық атағын туған жерінде қорғайтынын жариялады.
Спортшының айтуынша, жекпе-жек 1 маусым күні оның туған қаласы Таразда өтеді. Ал қарсыласы – Чили елінің боксшысы Даниэла Асенхо (17-4, 2 KO).
«Бұл – менің өмірім мен спорттық жолымдағы ең маңызды әрі ерекше жекпе-жектердің бірі. Өзім де, командам да бұл кездесудің дәл Таразда – менің туған қаламда өтуі үшін барымызды салдық. Бұл қала менің мәңгілік үйім болып қалады», - деп жазды Лукас әлеуметтік желіде.
Жекпе-жек Тараз тарихында тұңғыш халықаралық кәсіби бокс кеші аясында өтеді. Бұл кездесуде IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Тағы бір ескеретін жайт, Ангелина Лукас еліміздің тарихында чемпиондық белбеуін туған жерде қорғайтын алғашқы әйел боксшы болмақ.
Еске сала кетейік, биыл 31 қаңтар мен 21 ақпан аралығында Ангелина Лукас қатарынан үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен болатын.