ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Боксшы қаза тапты: Бақыт Сәрсекбаев ресми мәлімдеме жасады

16.07.2025, 15:56

Ыстықкөлде қаза тапқан жас боксшының қазасына қатысты мән-жайды айтты

Боксшы қаза тапты: Бақыт Сәрсекбаев ресми мәлімдеме жасады
әлеуметтік желі

Ыстықкөлде шымкенттік боксшы Ибрагим Ирисматовтың қаза болуына байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылып жатыр. Қазақстанның бокстан 22 жасқа дейінгі (U-22) құрамасының бас бапкері, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Caravan.kz-ке сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын айтты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ирисматов Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиынында жүріп қаза тапты деген ақпарат тараған еді.

«Ресми түрде мәлімдеймін: Ибрагим Ирисматов ұлттық құраманың сапында жоқ. Ол Ыстықкөлге жеке бапкерінің шақыруымен, өз қаражатына демалуға келген. Оқиға жалпыға ортақ жағажайда болған. Ол шомылып жүріп, біздің спортшыларды –  жерлестерін көріп, солармен бірге суға түскен. Құрамадағы жігіттер оны құтқаруға тырысты, бірақ біз команда құрамына кірмейтін адамдар үшін жауап бере алмаймыз. Маусым басында біз спортшылардың тізімін Спортты дамыту дирекциясы мен федерацияға тапсырамыз және сол спортшылар үшін ғана жауаптымыз. Ал бұл жағдайда бапкер спортшыны демалысқа әкелген», - деді Бақыт Сәрсекбаев.

Трагедиядан кейін Бақыт Сәрсекбаев және бүкіл команда Ирисматовтың жеке бапкеріне көңіл айтқан.

«Бұл өте ауыр жағдай. Бірақ дәл қазір, ата-анасына да, бапкеріне де қиын сәтте, жалған ақпарат таратып, жағдайды одан әрі қиындатудың қажеті жоқ», - деп қосты Сәрсекбаев.

Шымкент қалалық спорт басқармасы да Ирисматовтың расымен қалалық кәсіпқой бокс клубында болғанын, бірақ Ыстықкөлдегі U-22 Қазақстан құрамасының ресми жиынына қатыспағанын ресми түрде растады.

«Ол Қырғызстанға тек демалу мақсатында, жеке қаражатына барған және басқа базаға орналасты», - деп хабарлады басқарма.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам