
Бекзат Нұрдәулетов қазіргі таңда 85 келі салмақта ел үздігі саналады
Маңғыстау облысында бокстан ересектер арасында Әлем кубогының жеңімпазы Бекзат Нұрдәулетовті марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада Маңғыстау облысы бокс федерациясының президенті Асқарбек Керелбаев чемпионды жеңісімен құттықтап, оған 10 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Асқарбек Сайынұлы өз сөзінде Бекзаттың бұл жетістігі бүкіл Маңғыстау боксы үшін үлкен мәртебе екенін атап өтіп, алдағы маңызды додаларда сәттілік тіледі. Сонымен қатар өңірдің барлық боксшыларына да зор табыс пен биік белестер тіледі.
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов қазіргі таңда 85 келі салмақта ел үздігі саналады. Ол алдағы жылдары олимпиадалық салмаққа ауысатынын мәлімдеді.
«Әр боксшының мақсаты мен арманы – олимпиада ойындары деп ойлаймын. Сол себепті біздің де мақсатымыз 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін олимпиада ойындары. Сондықтан міндетті түрде олимпиадалық салмаққа өтетін боламын», - деді Бекзат Нұрдәулетов.
2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында 80 және 90 келі салмақ дәрежелерінде медальдар сарапқа салынады.
Айта кетейік, World Boxing Cup турнирінде 85 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов финалда үндістандық Джугну Альватаны 5:0 есебімен айқын жеңіп, алтын медальді иеленді. Ол алғашқы раундта-ақ қарсыласын нокдаунға түсірді.