
Ол Жәнібектің рингтегі қарым-қабілетін ерекше атап өтті
Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының мүмкіндігі мен болашағы туралы пікір айтқан АҚШ-тың бұрынғы әлем чемпионы, қазіргі бокс сарапшысы әрі комментатор Тимоти Брэдли қазақстандық боксшыға жоғары баға берді.
Ол Жәнібектің екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион Терренс Кроуфордпен ықтимал жекпе-жегіне қатысты ойымен бөлісті.
Брэдлидің айтуынша, Әлімханұлының әлеуетін елемеуге болмайды. Ол Жәнібектің рингтегі қарым-қабілетін ерекше атап өтті:
«Жәнібек – жай ғана боксшы емес. Бұл жігіт Кроуфорд үшін өте ауыр қарсылас болар еді. Онымен рингте жолыққан оңайға соқпайды. Ол қатал әрі айлакер спортшы. Мүмкін көпшілік оны әлі толық тани қоймаған шығар, бірақ мен айтайын: оның жылдамдығы бар, соққысы жойқын, бойы мен техникасы жоғары деңгейде. Сонымен қатар рингтегі ойлау жүйесі ерекше. Жәнібек қорғаныста да, шабуылда да сенімді өнер көрсетеді. Бұл жігіт аяқпен жақсы қозғалады, екі қолымен де кез келген бұрыштан ауыр соққы жасай алады. Ол — нағыз жойқын күш. Егер ол Кроуфордпен қолғап түйістірсе, бұл жанкүйерлер үшін үлкен шоу болар еді. Жәнібек қауіпті қарсылас, онымен жұдырықтасуға көп адам тәуекел ете бермейді. Бірақ олардың айқасы шынында да керемет көрініске айналары анық», – деді Брэдли өз YouTube арнасындағы тікелей эфирде.