ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Спорттағы трансгендерлер: Геннадий Головкин мәлімдеме жасады

17.11.2025, 13:07

GGG әрбір спортшының жеке өмірі қорғалуы тиіс екенін де ерекше атап өтті

Спорттағы трансгендерлер: Геннадий Головкин мәлімдеме жасады
ҰОК

Геннадий Головкин бокстағы гендерлік тестілеу және трансгендер спортшылардың жарыстарда бақ сынауына қатысты пікір білдіріп, бұл мәселені «өте сезімтал тақырып» деп атады.
Ол World Boxing ұйымы бұл сұрақты ғылымға, әдепке және адам құқықтарына сүйене отырып шешу керек екенін айтты.

«Бұл – құрмет пен әділдікті, сондай-ақ ғылыми дәлдікті талап ететін өте нәзік тақырып. Бокс – күш қолданылатын спорт түрі, сондықтан қауіпсіздік пен әділеттілікті қамтамасыз ету үшін нақты іріктеу критерийлері қажет. World Boxing Халықаралық олимпиада комитетінің ұсынымдарына, құзырлы медициналық комиссиялардың шешімдеріне және адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларға сүйенеді және соны басшылыққа алады», – деді Головкин.

GGG әрбір спортшының жеке өмірі қорғалуы тиіс екенін де ерекше атап өтті:

«Әр спортшының абыройы мен жеке кеңістігі – қол сұғылмайтын құндылық. Барлық процедура жеке жүргізіліп, құпия сақталуы және медициналық стандарттарға сай болуы қажет. Біздің міндет – іріктеу ережелерінің ашық, ғылыми негізге сүйенгенін және бірдей қолданылуын қамтамасыз ету. Сонда ғана рингке шығатын әрбір спортшының қауіпсіздігі мен әділ жарысу құқығы қорғалады», – деді ол.

Жалпы, соңғы кездері гендерлік тестілеу мен трансгендер спортшыларды жарыстарға қатыстыру мәселесі кеңінен талқыланып жүр. Жылдың басында АҚШ президенті Дональд Трамп бұрын жынысын ауыстырған ер адамдардың әйелдер жарыстарына қатысуына тыйым салатын жарлыққа қол қойған болатын.

Жаңа зеландиялық ауыр атлет Лорел Хаббард Олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы трансгендер әйел атанған. Ол 87 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Алжирлік боксшы Иман Хелиф гендерлік тестілеуден өтпей қалғанына қарамастан, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында чемпион атанды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам