
Негізі мен де Асланбек секілді нокдаун жасаймын деп ойладым
Әлем чемпионатында жүлдеден қағылса да, көрерменнің ыстық ықылысына бөленген боксшылар. Солардың бірі – Ертуған Зейнуллинов. Төрешілер ширек финалдағы жеңісін тартып алса да, көпшілік оның Париж олимпиадасының чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевты тығырыққа тірегеніне риза болды. Бірақ Ертуған рингтегі ер мінезімен ғана емес, тағдырдың талай сынынан сүрінбей өткен табандылығымен де ерекшеленеді. Сүйікті спортын жалғастыру үшін курьер де болып жұмыс істеген Зейнуллиновтің өзімен сұхбаттасып, әлем чемпионатындағы төрешілер деңгейі, қазақ боксшыларының жұмсақ мінезі жайлы сөйлестік.
– Ертуған, қалыңыз қалай? Көңіл күй қалай?
– Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Үйге аман-есен оралдық, отбасымызбен қауышып, демалып жатырмыз. Енді көп ұзамай қайта жаттығуға кірісеміз. Қазақстан чемпионаты алда күтіп тұр, соған барынша тыңғылықты дайындық қажет.
– Әлем чемпионаты сіз үшін де, жалпы Қазақстан үшін де үлкен дода болды. Бапкерлердің о баста қойған тапсырмасы қандай еді?
– Бапкерлер барлық боксшыға жүлде алу міндетін қойған. Біз де сондай жоспармен бардық. Бірақ ол тек төрт жігітке бұйырып тұр екен. Әйтпесе барлығы жақсы дайындалды, лайықты өнер көрсетті.
Әлем чемпионатына кімдердің баратынын 18 тамызға дейін айтқан жоқ, сондықтан тізімде кім бар екенін соңына дейін білмедік. Спарринг өтті, соның нәтижелері ескеріледі деді. Жекпе-жектердің қорытындысы бойынша тізімге ендім. Медаль аламын деп жоспарладым, өкінішке қарай, бұйырмады...
– Ширек финалда Олимпиада чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевпен қолғап түйістірдіңіз. Бұл айқасқа қалай дайындалдыңыз?
– Барлық айқасқа қатар дайындаламыз. Әрбір қарсыласты зерттейсің, артық-кем тұсын бағамдайсың, бапкерлердің ақылын тыңдайсың. Бірақ толқу, уайым болған жоқ. Себебі қарсыластың қандай атағы болса да, шаршы алаңға шыққанда екеуіңнің мүмкіндігің теңеседі. Тек өзім білетін боксты көрсеткім келді. Бірінші раундтың нәтижесін көрдіңіздер, сол кезде қарқынды үдете түсу керектігін түсіндім. Екінші раундты маған беретін шығар деп ойладым, сөйтсем барлығы қарсыласты жеңіп жатыр деп шешіпті. Бірінші раундта тек бір төреші менің пайдама берген екен, бірақ оның әсері болмады. Бәлкім, Олимпиада чемпионы деген атағы төрешілерге әсер еткен шығар...
– Екінші раундтың соңында ұпайдан қалып бара жатқаныңызды білдіңіз. Үшінші раундқа қандай оймен шықтыңыз?
– Төрешілердің ұпайын көріп, енді тек нокаут немесе нокдаун керектігін түсіндім. Гонгтан соң ұрып жібергенін де көрдіңіздер, бірақ төрешілер есепке алмады. Уақыт созып, құшақтасып жүріп алды, ол да ескерілмеді. Егер соның бәрін қадағалап, ұпайын шегерсе, бәрі басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Сонда ол да алға ұмтылып, белсенді бокстасар ма еді, шабуылдап, тәуекелге барар ма еді...
– Әділ төрелік мәселесі бокста әлі де өзекті екенін көрсетті ғой?
– Бәріне топырақ шашпаймын, бірақ деңгейі төмен төрешілер де бар. Шынын айтсам, біздің жастар арасындағы жарыстарда жүрген төрешілер әлдеқайда біліктірек сияқты. Кейбір айқастарда сәл басы көтерілсе, бірден есеп ашып жатады. Осындай кісілердің кесірінен боксшылар зардап шегеді.
– Қазақ боксшылары көбіне техникаға, әдемі стильге сүйенеді. Ал өзбек боксшыларының төзімді әрі кейде «лас» бокспен ерекшеленетіні бар. Егер ондай әрекет жазаланбайтын болса, бәлкім, біздің боксшыларға да тактиканы өзгерту керек шығар...
– Әрине. Біз қарсыласты ең алдымен спортшы, адам ретінде қабылдаймыз. «Ауыр соққы тигізіп, жарақаттап алмайын» деген ой болады. Сол себепті желкеден ұру немесе басқа да лас әдістерді қолданбаймыз. Бірақ, шынын айтсам, кейде біздің сыпайылығымыз өзімізге кедергі болатын тәрізді. Рингте мінез де керек. Айқастан кейін Геннадий Головкиннің өзі келіп: «Қарсыластың әрекетіне міндетті түрде жауап беру керек. Бұл ереже бұзу емес» деп кеңес берді. Қателіктен сабақ аламыз.
– Біздің боксшыларға қатысты «мінез» деген ұғым көп айтылады. Бапкерлер боксшыларды тым жұмсақ қылып тәрбиелеп жүр деп ойламайсыз ба?
– Қазақы болмыс бар ғой – іштей аяймыз, қарсылас ауыр жарақат алып қалмаса екен дейсің. Дегенмен жекпе-жек түрлерінде мұның қателік екенін түсініп жатырмыз. Рингке шыққан соң аяушылықты ұмытып, соңына дейін күресу керек екен.
– Сізге дейін Муйдинхужаевты Асланбек Шымбергенов жеңген, жақында Абылайхан Жүсіпов ұтты. Асланбектің Төреханға жапонға қарсы қандай тәсіл қолдану керектігін түсіндіріп жатқан видеосы тарап еді. Жігіттер сізге де ақыл айтқан шығар?
– Шыны керек, өзім сұрамаған соң олар да ештеңе айта қойған жоқ, жоспарын бұзбайық деген болар. Асланбек екі раунд 0:5 болып ұтылып жатып, үшінші раундта үш рет нокдаунға жіберіп, жеңіп кетті. Абылайхан бір раунд жұдырықтасып, қабағы жарылғандықтан, бірінші раундтың нәтижесі бойынша жеңіс біздің боксшыға берілді. Негізі мен де Асланбек секілді нокдаун жасаймын деп ойладым, бірақ ол ойым жүзеге аспады. Қателік өзімнен, себебі қалай да нокаутқа түсіремін деп шықтым, сол сәтте денем қайта тырысып қалды.
– Жекпе-жек біткенде шаршы алаңдағы төреші сіздің қолыңызды көтерді. Сол сәттегі сезім қандай болды?
– Ұпайды біліп тұрдым, сондықтан реферидің қателескенін бірден түсіндім. Кейін ойландым: бәлкім, сол сәтте жеңімпаздай тұрып қалу керек пе еді деп. Бірақ оған да ұятың жібермейді екен.
– Ал қарсыласыңыздың жүзінен ыңғайсызданғаны байқалды ма? Қалай дегенмен адам жеңілгенін іштей сезіп тұрады ғой.
– Түр бермейді ғой (күліп)...
– Чемпиондарды дүркіретіп күтіп алдық. Ал сіздерді Қазақстанға оралғанда қалай қарсы алды?
– Шынымды айтсам, бізді де чемпион секілді қарсы алды. Алматы облысының спорт басқармасы, Спортты дамыту дирекциясы өкілдері жиналып, құрмет көрсетті. Бастапқыда ыңғайсыздандым, бірақ іштей қуанып қалады екенсің. Өйткені сын естимін деп дайындалып келгенмін. Ал халықтың қолдауы ерекше болды.
– Әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып үлгердіңіз бе?
– Иә, оқыдым. Чемпионат алдында «бұлар бірінші айқастан әрі аса алмайды» деген әңгімелер көп болды. Бірақ жекпе-жектен кейін көпшіліктің пікірі өзгерді. «Жеңісің әлі алда, сен чемпион боласың» деп жазып жатқандар көп. Бұл бізге үлкен күш-қуат береді. Сондықтан алдағы ел біріншілігіне жаңа күшпен шығамын деп ойлаймын.
– Алдағы Қазақстан чемпионатында негізгі қарсыластарыңыз кімдер?
– Бұл додаға кілең мықтылар жиналады. Әлем чемпионатында топ жарған төртеуі ғана қатыспайды, бірақ қалғандарының бәрі өз салмағында жүйрік. Оның үстіне қазір бізде ортақ салмақ 65 келі.
– Көпшілік Мұхаммедсабыр Базарбайұлымен кездесуді күтетін шығар...
– Кім де болсын есе қайтарғысы келеді. Бірақ біздің арамызда ешқандай араздық жоқ, қарым-қатынасымыз жақсы.
– Муйдинхужаев жайлы соңғы сұрақ. Ол бұған дейін 70 келі салмақта жұдырықтасып жүрді. Кейбіреулер «салмақ түсіргені – Төрехан Сабырханнан қашқаны» дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Меніңше, оның өз салмағы 70 келіге жетпеген. Бірақ амалсыз бокстасып жүрген. Енді өзіне ыңғайлы салмаққа түсті деп естідім.
– Ертуған, біраздан бері ұлттық құрама сапынан көріп жүрміз. Бірақ боксқа қалай келгеніңізді білмейді екенмін.
– Боксты он екі жасымда бастадым. Ауылда жүргенде күрес, дзюдо, таеквондо секілді спорт түрлерін де байқап көрдім. Бірақ соңында жүрек қалап, боксқа тоқтадым. Өзім Алматы облысы, Үштөбе ауылынанмын. Алғашқы жаттығуға сыныптас досыммен бірге бардым. Әуелі қызығушылық үшін ғана кірген едік, бірақ біртіндеп бұл спорт өмірімнің басты бөлігіне айналды.
Алдымен ауылдағы залда шынықтым. Кейін жастар арасындағы жарыстарға қатысып, тәжірибе жинадым. Ұлттық құрамаға алғаш рет жасөспірім кезімде шақырту алдым. Әрине, жолда талай қиындық болды: 2017 жылы Қазақстан чемпионатында қола жүлде алдым, бірақ аяғымды сындырып алып, бір жылдай спорттан қол үзуге тура келді. Сол сынақтан соң қайтадан оралып, жаңа белестерді бағындыруға бекіндім.
– Сіздің бірнеше рет құрамадан шығып қалғаныңызды да білеміз. Ол кезде қандай күй кештіңіз?
– Иә, шынымды айтсам, бұл оңай болған жоқ. 2021 жылы құрамадан шығып қалған кезім ерекше есімде. Спорттағы өмірім тоқтап қалғандай көрінді.
– Сол кезде курьер болып істедіңіз ғой?
– Иә, айлықтан айырылдым. Жұмысқа кірейін десем, барлық жерде таңнан кешке дейін отыру керек еді, ал мен жаттығуымды тастағым келген жоқ. Содан амалсыз курьер болып жұмыс істедім. Өйткені жұмыс кестесін өзім таңдай алатынмын.
– Бізде қызмет көрсету саласындағыларға мұрнын шүйіріп қарайтындар бар. Сіз де ондайды бастан өткердіңіз бе?
– Таңнан кешке дейін тамақ жеткізіп, велосипед айдап жүрдім. Ондайда түрлі адамды көресің. Бірақ жұмысың сол болған соң, «сіздікі дұрыс» деп кетесің. Кейбір адамдар менсінбей қарайды, алайда өз басым ол жұмысты намыс көрмедім. Себебі адал еңбек – ешқашан ұят емес.
– Сөйтіп жүріп бапкерлердің бірінің көзіне түсіп қалдыңыз, солай ма?
– Тапсырысты әкетуге барғанымда, Айбек пен Нұрбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев ағайды көріп қалдым. Басында ұялып, тығылып қалғым келді. Бірақ ол кісі мені байқап қалған соң, қасына барып амандастым. Ол кісі: «Бұл да еңбек. Ең бастысы – адал жұмыс істеп жүрсің. Бірақ сенің орның рингте. Қайта орал» деді. Сол сөз маған қатты әсер етті. Жаттығуымды үдетіп, құрамаға қайта оралдым.
– Сіз курьер болып жүргенде отбасыңыз қалай қолдады? Жаңа ғана үйленген кезіңіз ғой...
– Иә, ол кезде жаңа үйленгенбіз. Шүкір, әйелім қолдау көрсетті. «Бұл уақытша ғана, бәрі жақсы болады» деп жігерлендірді. Шыны керек, сол қолдау болмаса, мүмкін спортқа қайта оралмас па едім. Велосипедпен жүрсем де, басымда шлемім жоқ еді. Бір күні ақшасын жинап, маған шлем сыйға тартты. Жүрегім елжіреп кетті. Жалпы, жарым сын сағаттарында көңілге тиетін сөздер айтып көрген емес. Осындай адаммен жолыққан менің жолым болған екен деп ойлаймын.
– Құрамадан шығып қалғанда қай жерде жаттығу жасадыңыз?
– Облыс құрамасынан да шығып қалдым. Ұлттық құрамада болмасаң, ешкімге керек болмай қалады екенсің. Сондықтан өзім оқитын академияның залында жаттығу жасадым. Кейін кәсіпқой бокс турнирлеріне қатыстым. Жігіттер промоушен ашып, жекпе-жекке қатысуға ұсыныс жасады. Жеңсең – 10 мың теңге, ал нокаутпен жеңсең – 20 мың теңге береді. Сондықтан нокаутпен жеңуге тырысасың. Бірақ олар кейін қолдаудың жоқтығынан жабылып қалды. Дегенмен тәжірибе жинап, шыңдала түсуіме көмектесті.
– Болашақта кәсіпқой боксқа ауысу туралы ой жоқ па?
– Әзірге ондай жоспарым жоқ. Түпкі мақсатым – Олимпиада ойындары. Бар назарды төртжылдықтың басты додасына аударамыз, соған дайындаламыз. Бокстан кетемін деген кезде де дәл осы арман қайта жинақталып, жаттығу жасауға жетелейтін.
– Биыл 28 жасқа толасыз. Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін 31-ге жақындайсыз. Кезінде Лондон Олимпиадасында 29 жасқа толмағае Серік Сәпиевтің өзін «жастарға орын беруі керек» деп сынаған еді. Сіз ондай сөздерден қорықпайсыз ба?
– Артымыздан жастар еріп келеді, сондықтан бізге екі есе артық жұмыс істеу керек. Егер бәрін дәлелдесең, ешкім сұрақ қоймайды деп ойлаймын. Мен тұрмақ, Махмұд Сабырханға да «жастарға орныңды босат» дегендер бар. Ол күліп: «Өзім әлі жаспын ғой» дейді. Шынымен, жас басты кедергі емес. Ең бастысы – еңбектену.
– Әңгімеңізге рахмет. Алдағы жарыстарда тек жеңіс тілейміз!
– Рахмет!
!ЕСКЕРТУ: СҰХБАТТЫ КӨШІРІП БАСУ ҮШІН РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫ КЕРЕК