
Сол сәтте денем қайта қысылып, мүмкіндік қолдан кетті.
Әлем чемпионатында жүлдесіз қалғанымен, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген қазақ боксшыларының бірі – Ертуған Зейнуллинов. Ширек финалда төрешілер шешімі бойынша жеңістен қағылса да, көпшілік оның Париж Олимпиадасының чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевты қыспаққа алған өнеріне жоғары баға берді.
Спортшының өзі 1bol.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында осы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.
– Сізге дейін Муйдинхужаевты Асланбек Шымбергенов жеңген, жақында Абылайхан Жүсіпов те ұтты. Жігіттер сізге ақыл-кеңес айтқан жоқ па?
– Шыны керек, өзім сұрамаған соң, олар да ештеңе айтқан жоқ. Әркімнің жоспарын бұзбайық деген болар. Асланбек екі раунд 0:5 есебімен ұтылып жатып, үшінші раундта қарсыласын үш рет нокдаунға жіберіп, жеңді. Ал Абылайхан бір раунд жұдырықтасып, қабағы жарылғандықтан, бірінші раундтың нәтижесі бойынша жеңіске жетті.
– Сіз қандай жоспар құрдыңыз?
– Негізі мен де Асланбек секілді нокдаун жасаймын деп ойладым. Бірақ ол ойым жүзеге аспады. Қателік өзімнен кетті, себебі қалай да нокаутқа түсіремін деп шықтым. Сол сәтте денем қайта қысылып, мүмкіндік қолдан кетті.