
Грек-рим күресінен ұлттық құрама дайындығына 2024 жылы мемлекет қазынасынан 417 млн теңге бөлінген
Күрестен ширек ғасыр күткен алтынды жеңіп алып, бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Иә, Айдос - нағыз чемпион! Ел үмітін ақтаған батыр! Осындай тарихи сәтте оның айналасында жасалып жатқан жұмыстар да көлеңкеде қалып қоймасын дегенім ғой. Ең бірінші оның жеке бапкері Райымбек Ғабиденнің еңбегі ерен. Ол - алғашқы бапкері және қазір де бапкері. Одан кейін бас жаттықтырушы бар. Бірер ай бұрын спортқа жауапты министр Ербол Мырзабосынов бұл қызметке Қонысбек Төкеновті тағайындады және бұл таңдау қате болмапты. Әрине, оның алдындағы Юрий Мельнинченкоға да құрметіміз ерекше. Бірақ, осылай тәуекелге бел буып, күреске қан жүгіртіп, тың серпіліс әкелу керек болды. Бұған қоса, Айдосқа өзінің туған жері Қызылорда облысының да қолдауы ерекше. Әсіресе, Бақтияр Артаев барысымен олимпиададан жүлде әкелуі мүмкін спортшылар тізімін жасап, әрқайсысына жеке-жеке жоспар құрды. Жарыстар мен жаттығуларға қаржыны аямады. Оның да септігі тигені анық.
Ал, енді негізгі сұраққа келсек. Грек-рим күресінен ұлттық құрама дайындығына 2024 жылы мемлекет қазынасынан 417 млн теңге бөлінген. Биыл оның көлемі 581 млн теңгеге өскен. Ал, 2026 жылға одан да жоғары сома, яғни, 673 млн теңге қарастырылып отыр. Бұндай қолдаудан кейін, әрине, әлем чемпионының шығуы заңдылық. Өкініштісі, күрестің басқа бағыттары аталмыш шығындарды ақтамады. Оларға да мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Министр үш күрес түріне бір жылда 3 млрд теңге бөлінетінін айтып қалды. Бұған бір емес, бірнеше әлем чемпионын алып отыруымыз қажет қой. Еркін күресте де, әйелдер күресінде де олимпиададан кейін бапкер ауыспады. Жүйе өзгермеді. Жалпы федерация басшыларын да жаңартатын уақыт келген сияқты. Жалындаған жастар келіп, заманауи қадамдар жасалғанын қалайсың. Айдостың мысалы үлкен өзгерістерден қашпау қажеттігін және спортшыларға қолдауды аямау керектігін дәлелдеді. Сондықтан, Лос-Анджелеске дейін бәрі бір жолға түседі деп сенеміз. Айдосқа тағы да рахмет! Жеңіс құтты болсын, қазақ елі!