Суперкубокта «Қайрат» пен «Тобыл» кездеседі.
Қазақстан футбол федерациясының турнирлерді ұйымдастыру жөніндегі директоры Бақытжан Пазылхайыр жаңа маусымның қашан басталатынын нақтылады. Ол бұл туралы AmanVibeYouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Пазылхайырдың мәліметінше, 2026 жылғы футбол маусымы дәстүрлі түрде Қазақстан Суперкубогымен ашылады. Ел чемпионы «Қайрат» пен Қазақстан Кубогының иегері «Тобыл» арасындағы шешуші матч 28 ақпан, сенбі күні, елордадағы «Астана Аренада» өтеді.
Ал Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы туры бір аптадан кейін – 7-8 наурыз күндерінежоспарланған. Сонымен қатар наурыз айындағы халықаралық матчтарға арналған үзіліске дейін (23-31 наурыз) чемпионат аясында үш тур өткізу көзделіп отыр.
Маусымның аяқталу мерзіміне келсек, ҚПЛ шамамен қараша айының басында мәресіне жетеді. Дегенмен шешуші турдың нақты күні әзірге белгіленген жоқ.
Айта кетейік, алдағы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында 16 команда бақ сынайды. Осыған байланысты чемпионаттағы турлар саны 26-дан 30-ға дейін артады. Бұл дегеніміз – маусым барысындағы үзілістер азайып, ойын кестесі тығыз болады деген сөз.