Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Ювентус» Роналдуға таққан айыбын дәлелдей алмады

19.01.2026, 21:55

Роналду 9,8 миллион еуроны қайтаруға міндетті емес

«Ювентус» Роналдуға таққан айыбын дәлелдей алмады
© Kristian Skeie - UEFA

Криштиану Роналду мен «Ювентус» клубы арасындағы ұзаққа созылған даулы іс бойынша Турин қаласының еңбек соты үкім шығарды.

Сот шешімі бойынша енді Роналду 9,8 миллион еуроны (өсіммен 11 млн еуро) қайтаруға міндетті емес. Турин еңбек сотының судьясы Джан Лука Робальдо 2024 жылы шығарылған арбитраждық шешімге қарсы «Ювентустың» шағымын толықтай қанағаттандырмаған. Осылайша, клуб бұрын Роналдуға төлеп қойған қаражатты кері талап ете алмайтын болды.

Аталған дау 2021 жылдан бері жалғасып келе жатқан болатын. Сол жылы Роналду «Ювентустан» кетіп, «Манчестер Юнайтедке» ауысқан еді. Аталған мәселе португалиялық ойыншының пандемия кезіндегі жалақысына қатысты туындаған.

Даудың түп-төркіні COVID-19 пандемиясы кезеңіне барып тіреліп отыр. Сол уақытта «Ювентус» футболшыларымен жалақының бір бөлігін уақытша алмау жөнінде келісімге келген. Ал Роналдумен 2021 жылы жасалған жеке құжатта (кейін «Роналду картасы» деп аталған) ойыншыға 19,5 млн еуро көлеміндегі жалақыны кейін төлеу көзделген.

Алайда бұл сома клубтың ресми қаржылық есебіне енгізілмеген және прокуратура жүргізген Prisma ісі барысында құжат «теориялық тұрғыда болмауы тиіс» деп сипатталған.

Тиіс қаржы Роналду Италиядан кеткен соң ешқашан толық төленбеген. Бұл тергеу ісі «Ювентустың» бұрынғы президенті Андреа Аньелли мен директорлар кеңесінің отставкаға кетуіне себеп болды.

2023 жылдың қыркүйек айында Роналду «Ювентусты» сотқа бергенімен, құжатта оның қолы болмағандықтан, тараптар арбитражға жүгінуге келіскен. Ал 2024 жылы 17 сәуірде арбитраж алқасы шешім шығарып, Роналдуға бастапқы талап етілген 19,6 млн емес, 9,8 млн еуро төлеу керек деп тапты. Бұл шешімде клубтың ойыншыны әдейі алдамағаны және Роналдудың Италиядан кетер кезде ақшаны талап етпегені атап өтілген.

«Ювентус» бұл шешімге қарсы шыққанымен, Турин соты клубтың талабын тағы да қабылдамады.

Сот шешімі бойынша барлық сот шығындары «Ювентустың» мойнына жүктелді. Алайда клубтың қаржылық есебіне айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені бұл сома 2023-24 жылғы балансқа алдын ала енгізілген. Сонымен қатар, «Ювентус» сот шешімін қайта қарау мүмкіндігін әлі де зерттеп жатқанын мәлімдеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам