Тараздық ұжым 36 жастағы тәжірибелі жартылай қорғаушының қосылғанын қуана хабарлады
«Тараз» футбол клубы Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлан Қонысбаевпен келісімшарт жасасты. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Тараздық ұжым 36 жастағы тәжірибелі жартылай қорғаушының командаға қайта оралуын ерекше ықыласпен атап өтті.
Клубтың Instagram-парақшасында жарияланған хабарламада:
«Алаңдағы аңыз. Қазақстан футболы өз тарихындағы ең жарқын ойыншылардың бірі – Ұлан Қонысбаевты қайта қарсы алып отыр. Ол биылғы маусымда команданың Премьер-лигаға шығуына елеулі үлес қосып, жас ойыншыларға үлгі болады деп сенеміз. Қонысбаевтың келуі командаға тың серпін береді», – делінген.
Ұлан Қонысбаев кәсіби мансабы барысында Тараз сапында бірнеше мәрте өнер көрсетіп, сондай-ақ «Астана», «Шахтер», «Қайрат», «Атырау» және «Ақтөбе» клубтарының намысын қорғады. Ол Қазақстан ұлттық құрамасында 2011–2016 жылдар аралығында 32 матч өткізіп, 3 гол соқты.
Айта кетейік, Ұлан Қонысбаев — Қазақстан чемпионатының 2011 жылғы үздік футболисі, ел чемпионы («Шахтер» – 2011), Қазақстан Кубогының («Астана» – 2012) және екі мәрте Суперкубоктың («Астана» – 2011, 2015) иегері.
Футболшы 2022 жылдың басында кәсіби мансабын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеген. Оның соңғы клубы да «Тараз» болған.