Америкалық спортшы аяғын кесіп тастау қаупі болғанын мәлімдеді
Португалиялық танымал футболшы Криштиану Роналду 2010 жылғы Олимпиада чемпионы, тау шаңғышысы Линдси Воннға қолдау білдірді. Спортшы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында жіліншік сүйегін сындырып, бес рет ота жасатқан.
8 ақпанда жылдамдықпен төмен сырғанау жарысы кезінде айқасқан байламы үзілген күйде өнер көрсеткен Вонн жалаушаға ілініп, тепе-теңдігін жоғалтып құлап қалған. Ол өздігінен тұра алмай, тікұшақпен ауруханаға жеткізілді. Кейін оның аяғы сынғаны және бес операция жасалғаны белгілі болды. Дүйсенбі күні америкалық спортшы аяғын кесіп тастау қаупі болғанын мәлімдеді.
«Чемпиондарды тек жеңістері емес, берілмеген сәттері де айқындайды. Линдси Вонн, сен бағындырған таулар сенің ішкі күшіңмен салыстырғанда түк емес. Күресуді жалғастыр. Аңыздар әрдайым қайта көтеріледі», – деп Роналду Воннның Instagram парақшасындағы жазбасына пікір қалдырды.
Вонн жарақатына байланысты 2019 жылы спорттық мансабын аяқтаған. Алайда 2024 жылдың қарашасында спортқа қайта оралатынын жариялаған. Ол 2010 жылғы Олимпиадада жылдамдықпен төмен сырғанаудан чемпион атанып, супергигантта қола жүлде алған. 2018 жылғы Олимпиадада да осы дисциплинада қола медаль иеленді. Сонымен қатар 41 жастағы спортшының еншісінде 2009 жылғы әлем чемпионатында екі алтын медаль бар.