Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Атырау» футбол клубы саудаға шығарылды

Бүгін, 16:16

Клубтың бастапқы бағасы – 175,6 млн теңге

«Атырау» футбол клубы саудаға шығарылды
ФК «Атырау»

Атырау облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы «Атырау» футбол клубын электронды саудаға шығарды. Аукцион 2026 жылғы 10 наурызда сағат 10:00-де өтеді. Клубтың бастапқы бағасы – 175,6 млн теңге, кепілдік жарна көлемі – 37,6 млн теңге. Өтінімдер 10 наурыз күні сағат 09:55-ке дейін қабылданады. Сауда шарттарына сәйкес, аукцион бір ғана қатысушы болған жағдайда да өткізіледі.

Тиісті ақпарат e-Qazyna веб-порталында жарияланған.

Сатып алушыға қойылатын негізгі талаптардың бірі – құны кемінде 1 млрд теңге болатын футбол академиясын салу міндеттемесі. Академия құрамында:

  • ашық және жабық футбол алаңдары;

  • душ және санитарлық бөлмелер;

  • жаттықтырушылар кабинеттері, медициналық және қалпына келтіру бөлмелері;

  • кемінде 50 спортшыға арналған жатақхана немесе тұрғын үй болуы тиіс.

Жекешелендіру туралы келісімшарт жасалған күннен бастап жаңа иесі үш жыл ішінде клубтың футбол академиясына арналған мамандандырылған спорт кешенінің құрылысын аяқтауы қажет.

Сонымен қатар сатып алушыға мынадай талаптар қойылады:

  • Қазақстан Премьер-лигасында (ҚПЛ) өнер көрсететін команда құрамында кемінде 25 кәсіби футболшы болуы;

  • клубтың тарихи атауын, түстерін және эмблемасын сақтау;

  • дарынды балалар мен жасөспірімдерді іріктеу жұмыстарын ұйымдастыру;

  • оқу-жаттығу жиындары мен дайындық іс-шараларын қамтамасыз ету.

Сондай-ақ жаңа иесі клубтың қаржылық, спорттық және инвестициялық қызметі туралы жыл сайын облыстың салалық басқармаларына есеп беріп отыруы тиіс. Жекешелендіру шарттары келісімшарттың ажырамас бөлігіне айналады.

«Атырау» футбол клубы 1980 жылдан бері кәсіби командалық турнирлерге қатысып келеді. 45 жылдық тарихы бар клуб Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2001, 2002 жылдар) және 2009 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам