Мексика президенті футболдан әлем чемпионаты кезіндегі қауіпсіздікке кепілдік берді
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде елде қауіпсіздік толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Турнир аясындағы іріктеу матчтары 26–31 наурыз аралығында Халиско штатындағы Гвадалахара қаласында ұйымдастырылмақ. Бұл кездесулерге Конго, Ямайка және Жаңа Каледония құрамалары қатысады.
Reuters агенттігінің жазуынша, Шейнбаум шетелдік жанкүйерлердің Мехико, Монтеррей және Гвадалахара қалаларына келуіне байланысты қауіп бар ма деген сұраққа: «Барлық кепілдік бар, ешқандай қауіп жоқ», – деп жауап берген.
Президенттің бұл мәлімдемесі елдегі зорлық-зомбылықтың күшеюі аясында жасалды. 22 ақпанда Мексикада іздеуде жүрген есірткі картелі жетекшілерінің бірі Немесио Осегера («Эль Менчо») Халиско штатында қауіпсіздік күштері тарапынан өлтірілген еді. Ол басқарған Jalisco New Generation Cartel (CJNG) тобы бұған жауап ретінде бірқатар шабуыл жасап, жолдарды бөгеп, көліктерді өртеп, кемінде 20 штатта қауіпсіздік күштерімен қақтығысқа түскен. Салдарынан 25 Ұлттық гвардия қызметкері қаза тауып, ондаған қылмыскер жойылды. Кей өңірлерде мектептердегі сабақтар тоқтатылып, футбол матчтары кейінге шегерілді.
The Athletic басылымының мәліметінше, аты-жөнін атамаған FIFA өкілі матчтарды басқа елге көшіру тек ең соңғы шара ретінде қарастырылатынын айтқан. Ұйым үшін қауіпсіздік – басты басымдық, әрі үш қабылдаушы елге толық сенім білдірілген.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Турнир тарихында алғаш рет 48 құрама қатысады. Бұл алдыңғы әлем біріншіліктерімен салыстырғанда 16 командаға артық.