Ол Ақ үйге бірінші рет барады.
АҚШ-тың «Интер Майами» футбол клубы 5 наурыз күні Ақ үйге барады. Бұл туралы The Athletic басылымы хабарлады.
Естеріңізде болса, команда былтыр қарашада MLS кубогын жеңіп алған. Салтанатты қабылдау осыған байланысты ұйымдастырылмақ. Финалда «Интер Майами» «Ванкуверді» тізе бүктіріп, 2020 жылы лигаға қосылғалы бергі алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізген еді.
Дегенмен іс-шараға клубтың басты жұлдызы Лионель Мессидің қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Аргентиналық шабуылшы жарақат алып қалып, қалпына келу кезеңін өткеріп жатыр. Егер Месси Ақ үйге барса, бұл оның мансабындағы алғашқы ресми сапары болмақ. Өйткені 2025 жылдың қаңтарында ол сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден табыстаған президенттік медальді алу рәсіміне қатыса алмаған еді.
Айта кетейік, осы аптада 2026 жылғы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған АҚШ-тың хоккей құрамасы да Ақ үйде құрметке бөленді.
38 жастағы Лионель Месси «Интер Майамиге» 2023 жылдың жазында ауысқан. Ал 2024 жылдың қазан айында клубпен келісімшартын 2028 жылға дейін ұзартты.