Ол нақты ұсыныс күтіп отырғанын айтты.
Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбековке еуропалық бірнеше клуб қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы алматылық клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев мәлімдеді.
Боранбаевтың айтуынша, әзірге қақпашыға қатысты ресми ұсыныс түспеген. Дегенмен Еуропаның бірқатар чемпионатынан нақты қызығушылық бар.
«Анарбеков бойынша ресми ұсыныс түседі деп күтіп отырмыз. Оған кімдердің назар аударғанын, кімдердің бақылауда ұстап отырғанын білеміз. Өте мықты клубтар – Англиядан да, Грекиядан да, Ресейден де бар. Анарбеков Чемпиондар лигасында тамаша өнер көрсетті, өте сенімді ойнады. Қателеспесем, Чемпиондар лигасының үздік 10 ойыншысының қатарына енді. Бұл да көп нәрсені аңғартады», – деді Боранбаев ArchiBall YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, 2025/26 маусымда Темірлан Анарбеков «Қайратқа» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуға көмектесті. Турнирдің негізгі сатысында ол алты матчқа қатысып, өзін жоғары деңгейде көрсете білді.
Қазіргі таңда Transfermarkt порталы қазақстандық қақпашының нарықтық құнын 400 мың еуроға бағалап отыр.