Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Диего Марадонаның өліміне кім кінәлі? Сот қайта жалғасты

15.04.2026, 15:42

Марқұм футболшының кенже ұлы Диего Фернандо әділ шешім талап етіп отыр

Диего Марадонаның өліміне кім кінәлі? Сот қайта жалғасты
Getty sport

Аргентинада футбол аңызы Диего Марадонаның өліміне қатысты жаңа сот процесі басталды.

Бұған дейін үш айға жуық уақытқа созылған алғашқы сот ісі дау-дамайға байланысты жарамсыз деп танылған еді. Істі қараған судья Хулиета Макинтач бейтараптық сақтамады деген күдікпен қызметінен шеттетілген. Сондай-ақ ол өзіне жақын адамдарға сот отырыстарын деректі фильм үшін жасырын түрде жазуға рұқсат берді деген айып тағылған.

Марқұм футболшының кенже ұлы Диего Фернандоның адвокаты Марио Бодри соттан әділ шешім күтетінін айтты.

— Біз соттың жағдайды жан-жақты бағалап, бұл істің қаншалықты маңызды екенін түсінеді деп сенеміз. Ең бастысы — Диегоның аргентиналықтар мен бүкіл футбол әлемі үшін қандай тұлға болғанын ескеру қажет, — деді ол.

Айыпталушылар орнында бұрынғыдай жеті медицина қызметкері отыр. Олардың қатарында психиатр, нейрохирург және психолог бар. Тергеу нұсқасы бойынша, дәрігерлердің салғырттығы Марадонаның өліміне әкелген.

Айыпталушылардың ешқайсысы кінәсін мойындаған жоқ. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, сегіз жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қорғаушы тарап медицина қызметкерлері тарапынан ешқандай қателік болмағанын алға тартып, Марадона өмірінің соңында бірқатар созылмалы дерттермен ауырғанын мәлімдеді.

Іс бойынша сегізінші айыпталушы — медбике Дахиана Мадрид алқабилер сотын талап еткен. Оның ісі бөлек қаралады, сот отырысының нақты күні әлі белгіленген жоқ.

Алдын ала мәліметке сәйкес, сот үкімі жыл ортасына дейін, сот каникулына дейін жариялануы мүмкін.

Еске салайық, Диего Марадона 2020 жылдың 25 қарашасында 61 жасында өмірден өтті. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, оның өліміне өкпенің ісінуіне алып келген жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам