Мбаппенің рекорды да Францияны құтқара алмады
Англия құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Майами-Гарденстегі «Хард Рок» стадионында өткен үшінші орын үшін матчта ағылшындар Францияны 6:4 есебімен жеңді.
Кездесу Англияның үстемдігімен басталды. Алғашқы таймда Деклан Райс (3), Эзри Конса (18) және Букайо Сака (37, 45+1) соққан төрт гол француздарды қиын жағдайға қалдырды.
Үзілістен кейін Франция қарымта қайтарды. Килиан Мбаппе дубль авторы атанса (48, 66), Брэдли Барколя 54-минутта есеп айырмасын қысқартты. Алайда матчтың соңында Сака пенальтиден дәл соғып, хет-трик жасады (87). Қосымша уақытта Усман Дембеле (90+6) тағы бір гол соққанымен, Джуд Беллингемнің (90+8) дәл соққысы ойынның нүктесін қойды — 6:4.
Осылайша Англия өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бұған дейін ағылшындар тек 1966 жылы өз жерінде өткен мундиальда чемпион болған еді.
Ал Франция құрамасы 12 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатын жүлдесіз аяқтады. Француздар 2018 жылы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы күміс медаль жеңіп алған болатын.
Жеке көрсеткіштер бойынша Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарындағы гол саны жөнінен жаңа рекорд орнатты. Оның еншісінде қазір 22 гол бар. Осылайша ол Лионель Мессидің 21 голдық көрсеткішінен асып түсті. Дегенмен Мессиде Испанияға қарсы финалда бұл нәтижені жақсартуға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ француз жартылай қорғаушысы Майкл Олисе турнирді жеті нәтижелі паспен аяқтап, бір әлем чемпионатындағы ассист саны бойынша Пеленің (6) рекордын жаңартты.
Ал Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам әлем чемпионаттарындағы матчтар саны бойынша өз рекордын 27 ойынға дейін жеткізді.